Атырау әкімдігі автопарк иелеріне заңды ақшасын бермей отыр

21 Сәуір 2025, 19:53
344
Бөлісу:
Атырау әкімдігі автопарк иелеріне заңды ақшасын бермей отыр
Фото: автордан

"Атырау қаласының жолаушыларды тасымалдау Ассоциациясы" дара кәсіпкерлер және заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері жергілікті әкімдіктен заңды түрде төленуі тиіс қаржыны ала алмай отыр. Ақшаны күткендеріне 10 жыл болса да, шенділер берешегінен құтылуға асықпайтын көрінеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған ассоциацияда бас-аяғы 5 автопарк бар. Олар қалада 31 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жергілікті билік бұл кәсіпкерлердің қоғамдық көлік бағасын аспандатпай, тұрақты ұстауы үшін, жыл сайын субсидия бөледі. Мәселен, былтыр осы мақсатта автопарк иелеріне 6 млрд теңгеден астам ақша аударылған. Биылғы төленетін қаржы көлемі шамаман 10 млрд теңге болады дейді жауаптылар. Бірақ әкім қаралар колледж бен университет студенттерінің, сондай-ақ оқушылардың жеңілдікпен қатынағаны үшін төленуі керек қаржыны аудармай келеді. 

Көлік бойынша заңның 13-бабында жазылған. Соған сай ол ақша төленуі керек. Мәслихаттың да шешімі бар қолымызда. Ол 2015 жылы шыққан. Бірақ әкімдік оны да елемейді. 10 жыл болды, ешқандай төлем жүргізілген жоқ. Жүргізушілердің жалақысы да аударылған жоқ. Жауаптылар бюджетте ақша жоқ деп, қарастырылмағанын айтады, - дейді "Atyrau Avtopark" серіктестігінің заңгері Арсен Қанатов. 

Бұған дейін ол төлемді кәсіпкерлер бірнеше мәрте соттасып алған көрінеді. Бірақ құзырлы орган табалдырығын тоздырудан әбден мезі болған. Амалы таусылған ассоциациядағылар облыстағы кәсіпкерлер құқығын қорғайтын палатаға жүгінген. Палата кеңсесінде тиісті мекеме өкілдерінің басы біріккен жиналыс өтіп, осы проблема жан-жақты сараланды. Басқосуға қала прокурорының орынбасары мен жемқорлыққа қарсы департамент өкілдері де қатысты.

Бүгін осындай үлкен мәселе көтеріліп отыр. Тасымалдаушылардың сөзінше, олар 200 миллиондап шығынға батқан екен. Жүргізушілердің де жалақысы кешігіпті, салдарынан бір уақытта шеруге де шыққан кездері болған. Әкімдік жаңағы жеңілдікпен оқушылар мен студенттерді тасымалдап отырған серіктестіктерге тиесілі ақшасын бермей отыр. Сонда шенділер заңды пысқырмайды, кей жағдайда заңды белден де басып отыр деп айтуға болады. Жауапты мемлекеттік мекеме ақша төлемесе, автопарк басшыларының тасымалдан мүлдем бас тартатындай да құқығы бар. Бірақ олар өршілендірмей отыр. Егер солай жасаса, қанша адам жаяу, далада қалар еді. Сондықтан да бұл мәселені шешу керек. Біз өз тарапымыздан қолдау көрсетеміз. Астанадағы кеңесте қарауға да мүмкіндік туады деп ойлаймын. Себебі мұндай өзекті тақырып жалғыз Атырау қаласында ғана емес, басқа өңірлерде де бар сияқты, - дейді Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаев. 

Осы мәселеге тікелей жауапты кейбір бөлім жауаптылары жиналысқа кешігіп келді. Сөйтіп жиналғандардың сұрағына мардымды жауап бере алмады. Ол өтемақыны төлеу үшін кеңес құрылып, арнайы талдау жүргізу керек деп құтылды. Бірақ ол кеңестің қашан құрылатынын, жоспары қандай екенін, нақты қандай талдау жүргізілетінін ашып айта алмады. Сөйтіп әдеттегідей алыпқашпа жауаппен құтылды. 

Талдау жүргізіліп, қаралу керек. Бір ортақ шешім болу керек. Бір ортақ шешім қабылданғаннан кейін ғана біз тиісті төлемдерді жүзеге асырамыз. Қазіргі таңда бұлар сотқа жүгініп, соттың шешімі арқылы алып отыр, - дейді Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Алмас Сарсенов. 

Шенділер проблеманы жергілікті жерде біржақты етуге құлықсыз. Сол себепті республикалық деңгейде көтермесе, қаржыдан үміттене алмайды. Ол үшін жауапты автопарк басшылығына кәсіпкерлік палатасының өкілдері қолғабыс етпек. 

Айта кетсек, жиында ассоциация жауаптылары Атырау қаласы әкімдігінің жаңа автобус сатып алып, жаңа автопарктың ашылуына қолдау көрсетуге әзірленіп жатқаны жөнінде дерегімен бөлісті. Бірақ қалада бар 5 автопарктың жұмысын дамытып, техниканы жаңартуға ден қойып, қаржысын төлеудің орнына, жаңа автопарк ашудың не қажеті бар деп ренжулі.

Өзгелердің жаңалығы