Хирургтер науқастың өтінен 5499 тас алып шықты

18 Сәуір 2025, 13:03
1277
Бөлісу:
Хирургтер науқастың өтінен 5499 тас алып шықты
Фото: optimism.kz

Алматының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер ерекше жағдайға тап болды. Олар 40 жастағы ер адамның өт қабынан 5499 тас алып шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, бұл тас саны хирургтер үшін күтпеген жағдай болды. Бұл – отандық медицина тарихындағы ең сирек кездесетін жағдайлардың бірі.

Хирургтер науқастың өтінен 5499 тас алып шықты
Фото: optimism.kz

Бұл шынымен де ерекше жағдай – өт қабынан осыншама тас алынуы. Өзімнің 20 жылдық тәжірибемде мұндай жағдайға алғаш рет тап болдым, – деді ОҚКА-ның хирургия бойынша бас дәрігерінің орынбасары Фараби Стамқұлов.

Науқас ОҚКА-ға шұғыл түрде оң жақ қабырға астындағы ауырсыну, жүрек айну, әлсіздік және жалпы жағдайының нашарлауына шағымданып түскен. УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) кезінде өт қабында көптеген тастар бар екені анықталған.

Науқасқа лапароскопиялық холецистэктомия жасалды – бұл хирургтер күн сайын орындайтын стандартты ота. Алайда өт қабының ішіндегісі тіпті тәжірибелі дәрігерлерді де таңғалдырды.

Біз көп тас болады деп ойладық, бірақ 5500-ге жуық болады деп күтпедік – бұл шын мәнінде тосынсый болды. Өт қабы тура фаршталған бұрыш секілді толып тұрған. Мұндай жағдай өмірде бір рет кездесетін шығар, – деді ота жасаған хирург Ілияс Сағиев.

Анестезиолог пен хирургтердің үйлесімді жұмысының арқасында ота сәтті өтті. Науқас наркоздан еш асқынусыз шықты және қазіргі уақытта үйіне тұрақты жағдайда шығарылды.

Фараби Стамқұловтың айтуынша, өттас ауруы – "үнсіз" патология, жылдар бойы еш белгі бермей өтіп, уақытында емделмесе қатерлі ісік, ұйқы безінің некрозы, іріңді холангит, жыланкөз (свищ) сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Кейде белгілері елеусіз болып көрінуі мүмкін, бірақ емделуді кешіктіру денсаулыққа да, өмірге де қауіп төндіреді.

Қарапайым УДЗ және уақтылы жасалған ота денсаулықты ғана емес, өмірді де сақтап қалуы мүмкін, – деп ескертеді дәрігер. 

Өзгелердің жаңалығы