Бас жаңалықтар
Zhas Project: Жобасы бар жастарға 1 млн теңге беріледі
05 Наурыз 2019, 14:02 885

Zhas Project: Жобасы бар жастарға 1 млн теңге беріледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылы жастар корпусын дамыту жобасына өтінім беру басталды.

Жобаларды басқару жобасының жетекшісі Гүлмира Ескендірованың айтуынша, жобаны Білім және ғылым министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесе ұйымдастырып отыр.

«2017 жылы Қазақстанда пилоттық режимде төрт облыста басталды. 2018 жылы жаңа алты аймақта жүзеге асырылды және биыл қалған алты өңір мен екі қаланы қамтитын болады. Жалпы 8500 жуық жастарды жобаға тартамыз деп үміттенеміз. Жастардың жобасы жергілікті қоғамдастыққа пайдасын тигізеді», - деді Ескендірова.

Жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысады. Басымдық жұмыс істемейтін, оқу оқымайтын, жұмыс істегенімен табысы төмен жастарға беріледі. Гранттық конкурсқа қатысу үшін идеяларын әлеуметтік жоба ретінде ұсынады. Өтінімдер zhasproject.kz сайтына 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында қабылданады. Іріктейден өктендер 1 млн тг грантқа ие болып, 6 ай бойы жұмыстарын жүзеге асырады.

«Әлеуметтік дегеніміз жастардың жобасы жергілікті қоғамдастыққа пайдасын тигізуі керек, яғни алты ай бойы олар жергілікті қауымдастыққа тегін қызмет көрсетіп, жұмыс істейді. 3-5 жас бірігіп, идеяларын жүзеге асырады. Нәтижесінде 6 ай бойы жұмыстарын тегін атқарады. «Менторлық қолдау» атты жастарды оқыту бағдарламасы бар. Алты ай бойы жастар ментормен жұмыс істейді. Менторлар жастарға жобаларын қалай іске асыру жолдарын үйретеді. Жастар өмірлік маңызы бар дағдыларға үйренеді, жобаларды абсқару тренингтерінен өтеді. Осы жоба арқасында жеке кәсібін ашуға мүмкінідігі бар», - деді жоба жетекшісі.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев жобаға соңғы жылдары 5,5 мыңға дейін жас азаматтар қатысқанын, олар 1616 әлеуметтік жобаны іске асырғанын атап өтті.

«Қазақстанда Жастар жылы аясында биыл Ақмола, Атырау, БҚО, Маңғыстау облыстары мен Астана мен Алматы қалаларында осы жоба басталады. Аталған аймақтарда 3500 жас талапкер мен 1100-ге жуық әлеуметтік-кәсіпкерлік жобалар қаржыландырылады деп жоспарланып отыр. Әр жобаға 1 миллион теңге бөлінеді деп көзделген. Байқауда іріктеуден сүрінбей өткен жастар өз әлеуметтік жобаларын іске асыруда Жоғары білімі бар болса – 60 мың теңге, орта білімі болса – 40 мың теңге шәкіртақы алады. Сондықтан, жастарды осы жобаға қатысуға шақырамыз. Биылғы Жастар жылында Жастар арасында жаңа бастама, тың идея мен жастардың басқа қырынан ашылуға мүмкіндік болатынын сенімділікпен айта аламын», - деді ол.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Фрэнсис Ато Браун жастарды қолдайтынын жеткізді.

«Бұл жоба маған ұнайды, себебі бұл – Қазақстанның болашағы, жастарға арналған жоба. Ал көбінесе жастар – әлеуметтік аз қамтылған санаттың өкілдері. Олардың армандары бар, бірақ оны жүзеге асыруға мүмкіндіктері жоқ. Бұл жоба оларға үлкен мүмкіндік беретін болады. Дүниежүзілік банк Қазақстан үкіметімен бірге бұл жобаны қаржыланырады. Сондай-ақ қолдауды жалғастыра береді», - деді Браун.

Жастар корпусын дамыту жобасының Үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Ким өтінімдерді қабылдау мен іріктеу процесі утралы кеңінен айтып берді.

«Өтінімдер үш кезеңдік іріктеуден өтеді. Бірінші – техникалық, екінші – бағалау комиссиясы, үшінші – компьютермен кездейсоқ таңдау, яғни рандом әдісі. Егер қатысушылар таңдауына, идеясына сенімді болмаса, немесе бизнес жобаны қалай жазуды, бюджетін белгілеуде білмесе біз әр аудан орталығында семинарлар өткіземіз», - деп айтты Ким.

Жастар екі жолмен жобаға өтінім бере алады, бірінші – өзі, екінші – ұйым арқылы. Қабылдаушы ұйым арқылы болса өтінім қабылдау бүгін аяқталады.

«Жастар жоба кезінде менторлық қолдауға ие болады. Ментор жобада үлкен рөл атқарады. Жобаның барлық қатысушысы өмірлік маңызды дағдыларды оқытудан өтуі тиіс. Жобаға қатысу арқылы жастар жобалары арқылы өздеріне ғана емес, қоғамға пайдасын тигізеді. Алты аймақта ашылған ресми өңірлік кеңселер арқылы қосымша ақпарат ала алады», - деп сөзін түйіндеді ол.

Назерке АБИБУЛЛА

Сізден жаңалық