Жарты жыл өтті, әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Нығматулин Шәпкеновтің жұмысын сынға алды

20 Қазан 2021, 13:03
4015
Бөлісу:
Жарты жыл өтті, әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Нығматулин Шәпкеновтің жұмысын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дархан Мыңбай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновке мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесіне қатысты сауал қойды.

Құрметті Серік Жамбылұлы! 3 жылдық бюджет жобасында мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға 79,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде 2022 жылы 22,7 млрд теңге жоспарланған. Ол биылғы көлемнен 1,3 есе артық. Осы қаражат есебінен мүгедек адамдар техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етіледі (протездер, арбалар, санаториялық-курорттық ем алу). Сондай-ақ 84 мың техникалық компенсаторлық құрал, 9,6 мың есту аппараты, 16 мың теплотехникалық құрал, т.б. сатып алынады. Бұл – қомақты көлем. 2020 жылдан бері бұл тауарларды сатып алу Әлеуметтік қызметтер порталы деп аталатын министрліктің ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жүйе техникалық оңалту құралдарының сапасына ешкім кепілдік бермейтіндей етіп ұйымдастырылған. Нәтижесінде адамдар көптеген проблемаға тап болады. Олар тауарлардың сапасын анықтауға, тәуекелдер үшін өздері жауап беруге тиіс. Егер ақаулар табылса, онда қайтару мәселесін де өздерінің есебінен шешулері керек. Мүгедектерді оларға қажетті сапалы тауарлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсаттары тиімді пайдаланылуын бақылау мақсатында министрлік қандай нақты шаралар қабылдайды? Әлеуметтік қызметтер порталының сапалы жұмысы қашан қамтамасыз етілмек? – деп сұрағын қойды депутат Мәжіліс отырысында.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов депутаттың сұрағына жауап берді.

Былтыр пилоттық режимде Әлеуметтік қызмет порталы жұмыс істеді. Енді биыл толық көлемде жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл мақсаттың негізгі мақсаты – мүгедектігі бар азаматтарға оңалту құралдарын таңдау құқығын беру. Сондай-ақ оңалту құралдарын мемлекеттік сатып алу арқылы уақытын көп күтіп қалатын, енді осы портал арқылы уақыты қысқартылды. Министрлік «1411» нөмірімен Call-орталық ашты. Осы нөмірге мүгедектігі бар барлық азамат арыз-шағымын тікелей қалдыра алады. Шілде айында ашылғанда айына 1 500 арыз-шағым түсетін. Қазіргі таңда оның саны 600-ге дейін қысқарды. Тағы бір үлкен мәселе бар. Ол – курьерлер әкеліп бергеннен кейін тауар сапасыз болса, онда оны қайтару мүгедектігі бар азамат есебінен болатын. Енді қазір Қазпоштамен келістік. Тауар енді өнім берушінің есебінен кері қайтарылады. Бұл жұмыстар әрі қарай жүргізіледі және үнемі бақылауда болады, - деп айтты Әлеуметтік министрлік басшысы.

Нұрлан Нығматулин бұл проблема бүгін ғана көтеріліп отырмағанын айтты.

Серік Жамбылұлы, бұл проблема бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Бұл туралы депутаттар сіздің атыңызға депутаттық сауал жолдады. Солай ғой? Сіз шешуге уәде бердіңіз. Міне, сіздің хатыңыз келген күннен бастап жарты жыл өтті. Әлі ешқандай өзгерістер жоқ. Комиссия құрдыңыз, жаңа программа жасадыңыз. Әрине, ол керек. Бірақ мүгедек азаматтарға нәтиже керек. Ол әлі жоқ. Осындай кісілерге көмектесуіміз керек қой. Сол үшін сіздердің министрлікке ең көп қаржы береміз. Оған сәйкес нәтиже де жоғары болуы керек. Келесі айда Nur Otan партиясының бағдарламасы бойынша Үкіметтің есебі тыңдалады. Соған дайын болуыңыз керек. Сол кезде сізден нақты нәтиже сұралады, - деп айтты Мәжіліс төрағасы Шәпкеновке.

Өзгелердің жаңалығы