Мәжілісте алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мақұлданды

20 Қазан 2021, 12:51
3712
Бөлісу:
Мәжілісте алдағы үш жылға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы мақұлданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы мақұлданды.

Республикалық бюджет жобасының негізгі параметрлері теңгерімделген. Негізгі қаржылық құжат біріншіден, мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін мүлтіксіз орындауға жол ашады. Екіншіден, дағдарыс салдарына төтеп беріп, экономикалық өсуді қамтамасыз етуді көздейді. Үшіншіден, мемлекеттік қаржының орнықтылығын арттыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ ведомство басшысы Заң Парламент Мәжілісінің қабырғасында сындарлы талқылаулар өткенін алға тартты.

2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен шамамен 4,7 трлн теңге бөлінетін болады. Бұл жалпы бюджет шығыстарының 29,3%-ын құрайды. Енгізіліп отырған түзетулер шеңберінде үш жылға жалпы сомасы 173,3 млрд теңге болатын Есеп комитетінің бірқатар ұсынымдары ескерілді, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Айта кететін жайт, оның ішінде шығыстарды 7,1 млрд теңге сомасына азайту жүзеге асырылған.

166,2 млрд теңге сомасына Ұлттық қор мен республикалық бюджет арасындағы іс-шаралардың қаржыландыру көздері өзгертілді. Бұл қайта бөлу заң жобасының нормаларына әсер етпейді, - деп отыр Қаржы министрі.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобаларға ұласатындығы туралы жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы