Жаркенттегі перзентханаға жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар сыйға тартылды

4 Ақпан 2019, 20:34
2095
Бөлісу:
Жаркенттегі перзентханаға жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар сыйға тартылды

Астана, BAQ.KZ. Жуырда Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы перзентханада қайырымдылық шарасы өтті.

Белгілі меценат Болат Өтемұратов перзентханаға құны 15 млн 900 мың теңге тұратын Испанияның «HERSILL.SL» өндірісінің «GENESIS» наркоздық-тыныстату аппаратын және құны 6 млн 150 мың теңгелік Кореяның «ВМ-пациент» мониторын сыйлады.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ арнайы қатысты.

«Облыстық бюджеттен жыл сайын денсаулық сақтау саласына қаржы бөлінеді. Алайда аудандардағы денсаулық сақтау мекемелерін озық технологиядағы жаңа аппаратуралармен толық қамтамасыз етуге бюджет қаржысы жете бермейтіні рас», – деген облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев шалғай ел тұрғындарына жасаған жақсылығы үшін қор ұжымына игі істер жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Болат Өтемұратов қорының бағдарламалар менеджері Дана Жақсылықова:

«Қордың басты мақсаты – денсаулық сақтау, білім және мәдениет саласын дамытуға қызмет ету. Жаркент перзентханасына медициналық жабдықтар тапсыру Болат Өтемұратов қоры мен «Riхos Borovoe» қонақүйінің бірлескен жобасы негізінде жүзеге асты. Біздің қор тарапынан спортта велошеру және медицинада мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуде біршама жұмыстар жасалуда», – деп қордың атқаратын жұмыстарына тоқталды.

Сондай-ақ, Жаркент перзентханасының директоры Гауһар Байдаханова көрсетілген көмек үшін қайырымды жандарға алғысын айтты.

Өзгелердің жаңалығы