Депутаттар Президент басымдықтарын жүзеге асырады деп сенеміз - саясаттанушы

15 Қаңтар 2021, 16:15
1052
Бөлісу:
Депутаттар Президент басымдықтарын жүзеге асырады деп сенеміз - саясаттанушы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Саясаттанушы, Еуразиялық интеграция институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев әлеуметтік желідегі парақшасында Президенттің бүгін айтқан саяси реформалар пакетінің үшінші бөлігіне пікір білдірді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Серікбаев назарға алған реформалардың алғашқысы – ауыл әкімдерін сайлау екенін айтты. 

Биыл ауыл әкімдерін сайлаймыз. Біртіндеп аудан әкімдерін сайлау жүйесіне келеміз. Бұл Президенттің сатылап, эволюциялық жолмен Қазақстанды дамуға бастайтын саясатын көрсететін нақты өзгерістердің басы ғана. Кезең-кезеңімен саяси реформалар кеңейе беретіні де анық, - деген саясаттанушы Президенттің бұл саяси қадамына оң баға берді. 

Сондай-ақ ол Парламентке өту үшін саяси партияларға 7 пайыз емес, 5 пайыз да жеткілікті деген бастаманы қолдады. 

Парламент сайлауында заң шығарушы органга өте алмай қалған партиялар үшін бұл жақсы мүмкіндік. Саяси партиялар белсеніп, келесі сайлауда елдің даусын алып, Парламентке өтуі үшін елдегі саяси бәсеке күшейеді деген сөз. Сонымен қатар сайлау бюллетенінде «Бәріне қарсымын» деген графа енгізіледі. Сайлау барысында осы графа енгізілсін деген қоғамдық талаптың болғаны да рас. Елдің сұранысына орай Президенттің бастамасымен бұл өзгеріс іске асатын болды. Бұл - құптарлық іс, - деді саясаттанушы. 

Тоқаев онлайн петиция жүйесінің іске қосылатынын айтқан болатын. 

Азаматтар өз ойын билікке осылай жеткізе алады. Алдағы уақытта азаматтар мемлекеттегі қордаланған мәселелерді жинақтап, дауыс беріп, республикалық деңгейге шығара алады. Бұл проблеманы нақты шешу жолдарына алып келетін оң өзгеріс деп есептеймін, - деді Бауыржан Серікбаев. 

Бауыржан Серікбаев тағы бірнеше басымдықты ерекше атап өтті. 

Омбудсмен жайлы арнайы заң қабылданады. Қазақстан мемлекет ретінде адам құқықтары мен заң үстемдік орнаған ел болуы үшін кең көлемде реформаларды іске асыра беретіндігінің бір белгісі. Адам құқықтары жөніндегі өкілетті органның жұмысы кеңейтіледі. Аймақтарда өкілдіктері ашылады. Құқықты мемлекет болуымыз үшін бұл қажетті қадам. Уақыт талабы. Президенттің заманның сұранысын дәл басқан бастамаларының бірі деп айтуға толық негіз бар. Қайырымдылық шарасымен айналысатындарды ынталандыратын тетіктер іске қосылады. Байқағанымыздай, қоғамда қайырымдылықпен айналысатын азаматтар өте көп. Енді осы салада елге еңбегі сіңген азаматтар мемлекет тарапынан назарға алынатын болады. Бұл - жақсы бастама. Жастар индексі іске қосылады. Меніңше, Президент бастамасымен алдағы уақытта белсенді, креативті, білімді жастарды көтермелеу саясаты мемлекет тарапынан кең көлемде жалғасады, - деді ол.  

Саясаттанушы Президенттің қоғамдық бақылауды күшейту бастамасы азаматтық қоғамның дамуына үлкен серпіліс береді деп есептейді. Сонымен қатар ол Қазақстанның дамуына қажетті, уақыт пен заман талаптарына сай өзгерістерге бастайтын реформалар бүгінгі сессияда көтерілгенін айта кетті. 

Мемлекет басшысының бастамаларынан сатылап, ақылды да сабырлы жолмен Қазақстанды өзгерістерге бастайтын саяси реформаларды көреміз. Бұл дұрыс әрі қажетті жол. Жаңа шақырылымдағы Мәжілістің алдында Президент реформаларын іске асыру үшін үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны анық. Бұл Парламент Президент бастаған өзгерістер жолын іске асыруда елге беделді, қоғамға ашық шақырылым болады деп сенеміз, - деп сенім білдірді Бауыржан Серікбаев.


Өзгелердің жаңалығы