Жамбыл облысында жыл басынан бері 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды

21 Маусым 2021, 23:27
1600
Бөлісу:
Жамбыл облысында жыл басынан бері 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысында атаулы әлеуметтік көмек алушылар азайған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Олардың біразы тұрақты жұмысқа орналасса, қалғаны өз кәсібін ашуға грант алған. Қазір өңірде жұмыссыздықты жоюға қатысты кешенді шаралар қолға алынды. 

Әсіресе, ауылдық жерлердің әлеуетін кеңінен пайдаланып, оны экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік тұрғыда да тиімді қолдануға басымдық беріліп отыр. 

Жамбыл облысында жыл басынан бері 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды. Әсіресе, ауылдық жерлерде тіршілік жандана бастады. Мәселен, 11 елді мекенде жерігілікті  тұрғындардың  табысын жақсартуға қатысты пилоттық жоба қолға алынған. Нәтижесінде 21 мың тонна дәнді және мал азығы дақылдары, 11 мың тонна көкөніс және бақша дақылдары өндірілген. Бұған қоса, 12 мың тоннадан аса ет пен сүт өнімдері тағы бар. 

Бірінші – ауыл тұрғындарының табысын арттыру, екінші – ауылдағы жерді тиімді пайдалану, үшінші – ауыл өнімдерінің өнімділігін көбейту мақсатында пилоттық жоба жүзеге асқан болатын. Оған 9,2 млрд қаржы бөлінді. 2 млрд жергілікті бюджеттен, қалғаны республикалық бюджеттен. Ол шаруаларға тегін берілген жоқ. 2,5%-бен берілді. Қазір енді Үкіметтің және ПӘ тобы сол елді мекендерде болды. Зерттеді. Нәтижесін көрді, – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұған қоса, Жамбыл облысы қант өндірісін қолға алды. Алдағы уақытта мұнда жылдық қуаты 148 мың тонналық зауыт салынады. Ол 300 адамды жұмыспен қамтиды. Дәл осылай 2025 жылға дейін 53 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. 
Біздің халқымыздың 60%-дан астамы ауылда тұрады. Оның ішінде өзіміздің, одан кейін мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамыз етуіміз қажет. Биыл 768 мың га жерге егін егілді. Ол былтырғымен салыстырғанда 47 мың га артық. Осы егісті әртараптандыруды жасап жатырмыз. Ол үшін жаңа технологияларды пайдалануымыз керек. Тұқымның сапасын жақсартуымыз керек. Тыңайтқыштарды пайдалануымыз керек. Техниканы жаңартуымыз керек, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір өңірде мал азығына қатысты да мәселе жоқ. Жайылымдық жерді тиімді пайдаланауға қатысты бірқатар шара қолға алынған. Негізі өңірде шаруашылыққа қажетті судың 80%-ы Қырғызстаннан келеді. Бірақ бүгінде айыр қалпақты ағайын оның тең жартысын ғана беріп отыр. Мәселені шешу үшін үш су қоймасын салу жоспарланған. Егер жоба іске асса, өңірдегі су қоры 120-150 миллион текше метрге ұлғаяды.

Өзгелердің жаңалығы