Мұхамедиұлы: Құнды жәдігерлеріміз жоғалып жатыр

13 Ақпан 2019, 11:47
2680
Бөлісу:
Мұхамедиұлы: Құнды жәдігерлеріміз жоғалып жатыр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы елімізде «қара археологияның» дәурені жүріп тұрғанын мәлім етті.


Бүгінгі отырыста «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы талқыға салынды.

Осы орайда депутат Сергей Звольский елімізде «қара археологияның» дәурені жүріп тұрғанын айтып, аталған мәселені шешу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын министрден сұрады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған мәселе өте өзекті екенін атап өтті.

«Қара археология» мәселесі Петр І байланысты. Санкт-Петербург қаласын салған кезде қомақты қаражат қажет болды. Содан археологиялық топтар алтын бұйымдарды жинау үшін өңірлерге аттанды. Әрине, осы уақытта Қазақстандағы қорғандар ресми түрде тоналды», - деді ол.

Сонымен қатар министр қазіргі таңда елімізде аталған мәселені бақылауға алу мүмкін емес екенін ашық айтты.

«Жеке тұлғалар археологиялық жұмыстарды жүргізу үшін лицензия ала алады. Себебі, заңдағы норма өте жеңіл. Аталған заңдағы нормаға (Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы – автор) ғылыми қызметкер қажет деген талапты енгіздік», - деді ол.

Осы орайда Арыстанбек Мұхамедиұлы аталған талапты не үшін енгізілгенін түсіндірді.

«Ғалым Зейнолла Самашев 15 археологиялық топта жұмыс істейді. Ол өзі де 15 археологиялық топқа қалай кіріп кеткенін түсінбей отыр. Олар (археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін жеке ұйымдар – автор) сайттан құжатты алған да оны тізімге қосып жіберген. Сондықтан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін ұйымдарда ғылыми қызметкер жұмыс істеуі қажет деген талапты енгіздік. Осылайша, ғылыми қызметкерлердің қандай объектілерде жұмыс істеп жүргенін білеміз», - деді министр.

Сондай-ақ ол елімізде құнды жәдігерлер жоғалып жатқанын ашына айтты.

«Өкінішке қарай бізде археологиялық жұмыстар нәтижесінде қандай жәдігер табылып жатқанына бақылау жоқ. Мысалы, жеке археологиялық экспедициялар қайда барғанын, жәдігерді қайда өткізгенін, оны қалай пайдаланып жатқанын білмейміз. Салдарынан құнды жәдігерлерді жоғалтып жатырмыз», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Сөз соңында ол аталған мәселені үшін жауапты мемлекеттік органды анықтау қажеттігін жеткізді.

«Заңда (Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау және пайдалану туралы» заң жобасы – автор) аталған мәселеге қатысты норманы күшейтіп, оған жол бермеу үшін бар күшімізді саламыз. Заңдағы нормаға археологиялық жұмыстарды музей арқылы жүргізілуі қажет деген талапты енгіземіз. Осылайша, музейдегі азаматтар археологиялық қазба жұмыстарын кімдер жүргізіп жатқанын бақылайды. Сондай-ақ біз аталған мәселеге жауапты құзырлы органды анықтауымыз қажет», - деді министр.

Сөз соңында ол аталған заң жобасы өңірлердегі музейлердің жұмысын жандандыруды көздейтінін жеткізді. 

Депутаттар «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау және пайдалану туралы» заң жобасын қолдап дауыс берді. Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Дәурен Ерболат
Өзгелердің жаңалығы