Бас жаңалықтар
Қызылорда: Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері әлеуметтік саясаттың іске асырылуын түсіндірді
09 Сәуiр 2019, 18:39 803

Қызылорда: Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері әлеуметтік саясаттың іске асырылуын түсіндірді

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Қызылордаға жұмыс сапарымен келіп, халыққа әлеуметтік саясаттың бағыт-бағдарын түсіндірді.

Гүлшара Әбдіхалықова бастаған делегацияның құрамында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева, Инвестициялар және даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов болды.

Алдымен олар Қызылорда қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданына барып, көпбалалы отбасылар үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Бұл баспаналар «Баламекен» жобасы аясында Қызылорда облысының әкімдігі мен Б.Өтемұратовтың жекеменшік қоры бірлескен келісімінің негізінде салынуда. Мұнда Қызылорда қаласы бойынша қолайсыз тұрғын жағдайларында өмір сүріп жатқан 150 отбасы қоныстанатын болады. Дәлірек айтсақ, 50 отбасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтылса, 100 отбасы «Баламекен» жобасы аясында пәтердің кілтін алмақ.

Бұдан бөлек, Гүлшара Әбдіқалықова 6 баланың анасы Зарина Хамзатовамен жүздесіп, тілегін тыңдады. Ол облыс басшылығына көпбалалы ананың жұмыспен қамтылуына көмектесуді тапсырды.

Сонымен қатар, Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкімет мүшелері «Достық үйінде» көп балалы аналармен, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлерімен, сондай-ақ, әйелдер кеңесінің жетекшілерімен, үкіметтік емес ұйымдар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласының мамандарымен кездесті. Олар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың табысы төмен азаматтардың, көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әл-ауқатын арттыру, білім беру, денсаулық сақтау салаларының және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тапсырмаларын, сол мақсатта қабылданған әлеуметтік бағдарламаларды түсіндірді.

Қызылорда облысының әкімі, «Nur Otan» партиясының облыстағы филиалының төрағасы Қырымбек Көшербаев тұрмысы төмен отбасылар мен көп балалы аналарды қолдау бойынша артқарылған жұмыстарды баяндады.

Оның айтуынша, көмекке мұқтаж отбасыларды қолдауды күшейту мақсатында 2019-2021 жылдарға арналған өңірлік әлеуметтік Жол картасы әзірленді. Жылдан басынан бері 3 мың отбасыға 127 млн теңгеден асатын қайырымдылық көмек көрсетілді. Жалпы, 40 мыңнан астам отбасы 1 млрд тенге көлемінде көмек алды. 2013 жылдан бастап аймақта шамамен облыс әкімінің 900 білім гранты бөлінді. Бүгінде осындай грантқа 515 қызылордалық мектеп түлегі ие болды. Биылғы жылы тағы 200 грант бөлінбек.

Әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында «Орда» тұрғын үй құрылысының «Жол картасы» әзірленді. Соның арқасында апатты үйлерде тұрып келген 474 отбасы пәтерлі болды. Қазіргі таңда апатты үйлер мәселесі облыста толығымен шешімі табылған. Сонымен қатар, 2018 жылы Сырдария өзенінің сол жағалауында жеке инвесторлардың есебінен 14 көп қабатты үй салынды. Баспана бағасы республиканың өзге қалаларымен салыстырғанда арзан.

Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары қала және аудан әкімдері, кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың және кәсіподақтардың басшыларымен жиын өткізді. Басқосуда Гүлшара Әбдіқалықова тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға жәрдем беруге шақырды.

Премьер-министрдің орынбасары Қызылорда қаласының Жұмыспен қамту орталығының жұмысымен танысты. Айта кеткен жөн, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау алгоритмі толық қарастырылды. Жалпы, облыс орталығында 2018 жылы жұмыспен қамту шараларымен 3,6 мыңнан астам адам қамтылды, 7,7 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды, 225 адамға кредиттер мен гранттар берілді, 54 отбасы көшірілді.

Облыстағы жұмыс сапары кезінде Гүлшара Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдап, талап-тілектерін тыңдады. Нақтырақ айтқанда, жергілікті билікке қызылордалық тұрғын Амангелді Ниталиевтің бала кезінен созылмалы гемодеализ дертіне шалдыққан мүгедек ұлы Асылға материалдық көмек көрсету тапсырылды.


Фото: автордан

Сізден жаңалық