Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздегі 128 үшауысымды және 31 апатты мектеп мәселесі қалай шешілетінін айтты.
«Үш ауысымды, апатты мектептер саны бірте-бірте азаюда. Бүгінде, өкінішке қарай, елімізде 128 үш ауысымдық және 31 апатты жағдайдағы мектеп бар. Биылдың өзінде бюджет шеңберінде 150 астам мектеп салынып жатыр. Бұл мектептердің көбісі биыл салынып бітеді. Бұл – үлкен проблема. Бір жағынан туу көрсеткіші жақсы, екінші – ауылдан қалаға көшу бар. Мысалы, ауылдағы мектептерді қарайтын болсақ, кезінде балалалар толып жүретін мектептер бүгін бос, ішінде ешкім жоқ. Сол балалар қалаға көшіп, қаладағы мектептер үш ауысымдыққа өтіп жатыр. Әрине мұның алдын ала болжап, қарап отыруға болады. Ондай тиісті әдістеме бізде бар», - деді министр Тамыз конференциясының қорытындылары туралы өткен баспасөз мәслихатында.
Аймағамбетов үшауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешу жолдарын айта кетті.
«Біріншіден, бюджеттен әрі қарай мектептерді салу. Ол бойынша бүгінде мемлекет басшысы бізге нормативті қаржыландыру бойынша мектеп салыңдар деген тапсырма берді. Осы тапсырма бойынша жұмыс істейміз. Екіншіден, жеке меншік мектептерді салу мәселесі өте маңызды болып отыр. Себебі, балабақшамен қамту мәселесі болды. Біз балабақшамен қамту мәселесін шешу кезінде жеке меншік секторды тарттық. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқасында өте қысқа уақытта үлкен қамту жұмысын бітіріп алдық. Бір жылдың ішінде елімізде жан басына қаржыландыру әдістемесін енгізу арқасында 50 шақты мектеп іске қосылады деп отырмыз. Бұл жақсы бастама», - деді ведомство басшысы.
Білім министрі мектептердің апаттылығын болдырмау үшін жөндеу жұмыстарын жүргізіп отыру қажет екенін айтты.
«Жергілікті атқарушы органдарымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізетін болсақ апаттық жағдайға жеткізбейміз. Сондықтан осындай кешенді үлкен жұмыс жүргіземіз. Бұл мәселені мемлекет басшысы тапсырған мерзімде шешеміз деп ойлаймын», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептердегі ақылы олимпиадалар мен байқауларға қатысты пікірін айтқан болатын. Сонымен қатар, білім министрі Тамыз конференциясының қорытындылары туралы өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік білім гранттары конкурсында неліктен бәсеке жоқ екенін айтты.