Бас жаңалықтар
Үш жылда 372 мектеп салынса да, апатты жағдайдағы мектептер азаймай отыр
21 Қазан 2019, 12:00 431

Үш жылда 372 мектеп салынса да, апатты жағдайдағы мектептер азаймай отыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында неліктен апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі шешімін таппай келе жатқанын айтты.

"Мемлекеттік бағдарламада жыл сайын қол жеткізе алмай келе жатқан көрсеткіштердің бірі – апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру кезінде 372 мектеп салынды. Осыншама мектеп салынса да, мәселе әлі шешімін таппады", - деді білім және ғылым министрі. 
Министрдің сөзінше, бұл мәселе халық санының артуымен, урбанизациямен және бұдан бөлек 50-80 жылдары тұрғызылған мектептердің әлі де жұмыс істеуімен байланысты. Өңірлерде капиталды жөндеу көрмеген мектептер жетерлік. 

Ведомство берген мәліметте республикада 125 үш ауысымды, 36 апатты мектеп бары айтылған. Республикалық маңызы бар қалаларда мектепте орын жетіспеушілік мәселесі сақталып отыр. 

"Орта білім беруде мемлекеттік тапсырманы заң жүзінде қарап шықтық. Осы үшін, құрметті депутаттар, сіздерге алғыс айтамын. Осы шешімнің арқасында 47 жеке мектеп ашылды, тағы 18-ін ашу жоспарланып отыр. Бұл жаңалық осы мәселені шешуге көмектеседі. Апатты, үш ауысымды және мектепте орын жетіспеушілігі мәселесін жүйелі шешу үшін құрылысты қаржыландыру мен капиталды жөндеу жүргізудің жаңа әдістемесі енгізілді. Қаржыландыру көлемі ендігі кезекте өңірдегі бір оқушыға арналған нормативке сүйене отырып анықталады", - деді Аймағамбетов.
Бұған дейін білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ҚР Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бағдарламасынан ағылшын тілін оқыту алынып тасталуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, министр 123 мың мұғалімнің жалақысы өскені туралы айтқан болатын.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...