Университеттердің жаһандық саммиті аясында меморандум жасалды

19 Қыркүйек 2019, 14:05
3149
Бөлісу:
Университеттердің жаһандық саммиті аясында меморандум жасалды
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан университеттердің жаһандық саммиті аясында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті Малайзияның Universiti Teknologi Petronas университетімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Жиында Әуезов университетінің ректоры Дария Қожамжарова Малайзияның жетекші жоғары оқу орнының ректоры Мохамед Ибрахим Абдул Муталибпен кездесіп, әріптестік байланыс орнатуға уағдаласты. Білім беру, ғылыми байланыстарды арттыру жайын талқылады.

«Ең алдымен, меморандум бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды, білім алушылар, профессор-оқытушылар құрамы мен университеттердің қызметкерлерін алмасу мақсатындағы бағдарламаларды жүзеге асыруды мақсат тұтады. Сонымен қатар бұл құжат бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жобаларды өткізуге мүмкіндік береді», – дейді академик Дария Қожамжарова.

Оның айтуынша, бұл келісім отандық жоғары оқу орындарының әлемнің жетекші университеттерімен тығыз және көпжақты байланыс орнатуына және Әуезов университетін халықаралық деңгейде интернационализациялау процесіне тың серпін бермек.

Айта кетейік, бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» тақырыбында халықаралық конференция басталды. Университет аталған шараны халықаралық QS рейтинг агенттігімен бірлесіп ұйымдастырған. Жиын шеңберінде көрме ұйымдастырылып, әлемнің 130-дан астам жоғары оқу орнын біріктіретін Жібек жолы университеттері Альянсы (SUN) Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Оған академиялық ортаның 800-ден астам көшбасшы өкілдері қатысуда. Олардың қатарында отандық және шетелдік университет ректорлары, 60-тан астам елдің ғалымдары мен сарапшылары бар.
Өзгелердің жаңалығы