Синоптиктер алдағы күндері Қазақстанның басым бөлігінде солтүстік-батыс циклонының жырасы мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ауа райы тұрақсыз болатынын мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Елдің солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады. Тек Қазақстанның батысы мен солтүстік-батысында антициклон жотасының әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Республика бойынша жел күшейеді, оңтүстікте күндіз шаңды дауыл күтіледі. Түнгі және таңертеңгі уақытта елдің солтүстігінде, шығысында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында тұман болады, - деп жазылған «Қазгидромет» РМК хабарламасында.
Республика бойынша ауа температурасының айтарлықтай өзгеруі күтілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» РМК Қазақстанда биыл қыс қандай болатыны туралы болжам жасады.