Елімізде тұмауға қарсы екпе жұмыстары 15 қыркүйекте басталады

4 Қыркүйек 2020, 16:45
2002
Бөлісу:
Елімізде тұмауға қарсы екпе жұмыстары 15 қыркүйекте басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл шамамен, халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті, деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов бүгін ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен онлайн баспасөз конференциясы кезінде мәлімдеді.

«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 миллионнан астам дозасын сатып алды. Бұл шамамен, халықтың 11 пайызын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар, аймақтағы Денсаулық сақтау басқармалары қосымша 753 900 дозаға тапсырыс берді. Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйекте басталады, яғни, әдеттегі мерзімнен екі апта ерте. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді. Тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады, - деді ол. 
Бағдат Қожахметовтің айтуынша, маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалған. 
Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. Бір мыңнан астам семинар өткізілді, нәтижесінде жеті мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта қызметкер даярлықтан өтті, - деді ол.
Ресми өкіл қазіргі уақытта COVID-19-ға ПТР сынақ әдісімен 2,5 миллионнан астам зертханалық зерттеу жасалғанын айтты. Оның ең көбі - Атырау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жүргізілген. Вирустың жаңа толқынына қарсы зертханалардың қуаттылығы тәулігіне 64 мың сынаққа дейін артады.

Айта кетейік, еліміздегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндаған Бағдат Қожахметов коронавирусты жұқтыру деңгейі төмендеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан бойынша бедеулік диагнозымен 10 мыңға жуық әйелдің есепте тұрғанын мәлімдеді.
Өзгелердің жаңалығы