Астанада жыл басынан бері 150 бала қызылша жұқтырған

23 Сәуір 2025, 12:20
760
Бөлісу:
Астанада жыл басынан бері 150 бала қызылша жұқтырған

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиева елордадағы эпиджағдай туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, қазіргі уақытта қалада вакцинамен басқарылатын қызылша, көкжөтел, вирусты А гепатиті тіркелуде.

Инфекцияның таралуына халық арасында медициналық қарсы көрсетілімдер себепті иммундық қабаттың қалыптаспауы мен профилактикалық екпелерден көп адамның бас тартуы себеп болған.

Сонымен, биыл 3 ай ішінде елордада 149 қызылша жұқтыру дерегі тіркелді. Олардың ішінде, 125-і (84%) – 14 жасқа толмаған балалар. Ауруға шалдыққандардың негізгі үлесін қызылшаға қарсы екпе алмағандар құрап отыр, - деп жауап берді Астананың бас санитар дәрігерінің орынбасары редакция жолдаған сауалға.

Айта кетерлігі, мегаполисте 2006 жылдан бері жергілікті қазынадан 2 жасқа толмаған балаларға вирусты А гепатитіне қарсы екпе егуге қаражат бөлінеді. Дәрігер осы кезеңнен бастап 2022 жылға дейін ауруды жұқтыру деңгейі 22 есеге төмендеді деп отыр.

2 жасқа толмаған балаларға вирусты А гепатитіне қарсы жоспарлы вакцинацияны қамтудың төмендеуі аурудың күрт өсуіне алып келді. 2023 жылы – 175 жағдай, 2024 жылы – 196 жағдай және соңғы үш айда 65 жағдай тіркелді. Соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 11 бала және 15-17 жас аралығындағы 3 жасөспірім індетті жұқтырған. Олардың 10-ы – ата-анасы бас тартуы себепті тиісті екпені алмаған, - деді ведомство өкілі.

Айта кетерлігі, Астанада эпидемиологиялық қолайсыздық көкжөтелмен сырқаттанушылық бойынша да байқалады.

Биыл 49 расталған жағдай тіркелді (көрсеткіш – 100 мың тұрғынға шаққанда 3,24). 95% жағдайда көкжөтелмен 14 жасқа дейінгі балалар ауырады, олардың 96%-ы вакцинацияланбаған және 4%-ы толық вакцинация курсынан өтпегендер. Әдетте ата-аналар екпеден бас тартқанда инфекцияның ауырлығы мен оның салдарын ескере бермейді. Профилактикалық екпелерден бас тартудың көбеюі халықтың жалпы иммундық қабатының төмендеуіне, сол арқылы осы инфекциялардың таралуына алып келеді, - деп түсіндірді Жанна Пірәлиева.

Өзгелердің жаңалығы