Қырым дауы: Зеленский Трамптың сынына жауап берді

24 Сәуір 2025, 09:22
2240
Бөлісу:
Қырым дауы: Зеленский Трамптың сынына жауап берді
Фото: әлеуметтік желілерінен

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың сынына жауап беріп, Қырымға қатысты ұстанымының өзгермейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұған дейін Зеленский Киевтің Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде ешқашан мойындамайтынын, тіпті мұндай ұсыныс АҚШ тарапынан бейбіт келісім жасау үшін айтылса да, қабылдамайтынын мәлімдеген болатын.

23 сәуір, сәрсенбі күні Дональд Трамп Украина президентін қатты сынға алып, егер Зеленский бейбіт келісімнен бас тартып, Ресеймен соғысты жалғастыра берсе, "бүкіл елінен айырылуы мүмкін" екенін ескертті.

Трамптың айтуынша, Зеленскийдің Қырымға қатысты мәлімдемесі Ресеймен бейбіт келіссөздерге үлкен зиян келтіреді, себебі "жарты арал көп жыл бұрын, Барак Обаманың қолдауымен, жоғалған және қазір талқыланатын мәселе емес".

Оған жауап ретінде Зеленский Ақ үйге Трамп әкімшілігінің алғашқы кезеңіндегі мемлекеттік хатшы Майк Помпеоның Ресейдің Қырымды аннексиялауын мойындамайтыны туралы мәлімдемесін еске салды. Украина президенті 2018 жылғы Қырым декларациясының скриншотын өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасына жариялады.

Біз серіктестерімізге алғыс айтамыз. Украина әрқашан өз Конституциясына сай әрекет етеді және біз АҚШ бастаған серіктестеріміздің де өздерінің берік шешімдеріне сәйкес әрекет ететініне сенімдіміз, – деп жазды Зеленский Лондонда өткен Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және Германия өкілдерінің кездесуіне байланысты.

Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада  АҚШ Парижде Украинаға бейбітшілік жоспарын ұсынды. Президент Трамптың "соңғы ұсынысы" деген құжатында Қырымды Ресейге заңды түрде мойындау қарастырылғаны туралы жазған болатынбыз. 

Өзгелердің жаңалығы