Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы басталды

21 Мамыр 2021, 15:14
5475
Бөлісу:
Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы басталды.

Отырыс «Хабар24» телеарнасы мен ҚР Президенті баспасөз қызметінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей эфирде өтіп жатыр.

Отырыста Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Армения Республикасы Премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович сөз сөйлейді. Сондай-ақ Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес жанындағы бақылаушы-мемлекет басшылары ретінде қатысып отыр.

Онлайн режимде өтіп жатқан Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды мәселелері талқыланып, ортамерзімді перспективадағы міндеттер қарастырылады.

Сонымен қатар дағдарыстан кейінгі кезеңдегі интеграциялық ықпалдастыққа және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді реттеуге баса мән беріледі.

Бүгінгі отырысқа Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, бақылаушы мемлекет басшылары, Куба Республикасының Президенті Мигель Диас-Канель және Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қатысып отыр. Өкінішке қарай, 1,5 жылдай уақыт бойы пандемия дәстүрлі форматта кездесуге мүмкіндік бермей отыр, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы дегенмен де пандемия бірлескен жұмыстың сапасына әсер етпейтінін айтты.

Өзгелердің жаңалығы