Тоқаев бұрынғы ДСМ басшылығын сынға алды

10 Шілде 2020, 12:55
938
Бөлісу:
Тоқаев бұрынғы ДСМ басшылығын сынға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында бұрынғы ДСМ басшылығын сынға алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі twitter-дегі парақшасында хабарлады.

Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды, - деді Тоқаев. 

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір кемшілікті атады.

Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқастынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады, - деді ол. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ аспағанын айтты.

Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы