Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында жалпы құны 359,5 млрд теңге болатын 50 447 бірлік автокөлік құралы өндірілді.
Оның қатарында жеңіл және жүк көлігі, автобус, арнайы машиналар мен тіркемелер бар. Бұл туралы "Қазавтоөнеркәсіп" автомобиль саласы кәсіпорындары одағының стратегиялқы жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян Алматыда өткен брифинг барысында айтты.
Оның айтуынша, өткен жылғы автокөлік өндірісі 2018 жылға қарағанда 55,8 пайызға артқан.
Жеңіл автокөліктер өндірісі 46,8% өсіп, 44 077 бірлікті құрады. Автобус техникасын шығару 2,6 есеге артты. Жүк көліктер өндірісі 4 247 бірлікті құрап, 2018 жылға қарағанда 3,4 есеге өсті. Өндірілген тіркемелер саны 492-ден 860-қа дейін жетті. Ал мамандандырылған автотехниканы шығару 227 бірліктен 187-ге дейін төмендеді, - деді ол.
Сондай-ақ, ол Қазавтоөнеркәсіп кәсіпорындарының нарықтық үлесі 60% дейін өскенін жеткізді, 2018 жылы бұл көрсеткіш 49,1% құраған.
2019 жылы еліміздің тұрғындары жалпы құны 311 млрд теңгеден астам жергілікті өндіріс техникасын сатып алды, - деді Артур Мискарян.