Тек қазақша сөйлеймін - Сәдібек Түгел

26 Сәуір 2019, 17:39
2066
Бөлісу:
Тек қазақша сөйлеймін - Сәдібек Түгел
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР презденттігіне кандидат Сәдібек Түгел Орталық сайлау комиссиясының кулуарында тек мемлекеттік тілде сөйлейтінін айтты.

«Бұл мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қажет. Басты құндылығымыз тіл болса, мұны соған қосқан азаматтық үлесім деп санаймын. Мен сұрақтарыңызға мемлекеттік тілде ғана жауап беремін. Әрі қарай өздеріңіз аударып аласыздар. Мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік тілді барлығы түсінуі тиіс. Солай шешім қабылдадық. Бүкіл сайлау бағдарламамды мемлекеттік тілде жүргіземін. Оған ешқандай реніш болмайды деп ойлаймын. Қай мемлекетте болсын азаматтары өз тілінде сөйлейді. Тіл мәселесі өте маңызды. Қазақ тілі күннен-күнге төмендеп, «үшінші сортқа» түсіп бара жатыр. Ата-бабамыздың қанымен, жанымен келген тілімізді сүмірейтіп қоюға хақымыз жоқ және ондайға жол бермейміз. Сол себепті осындай шешім қабылдадым», - деді кандидат.

Ол ОСК-ға тиянақты, қарапайым жұмысы үшін ризашылығын білдіріп, Мырзатай Жолдасбеков бастаған лингвистикалық комиссияға алғысын айтты.

«Қазақ тілінен емтихан тапсыру өте дұрыс. 30 жыл қазақ тілі деп айтып келеміз. Өз тілімізді құрметтеп, өз ана тілімізде сөйлегенде ғана қазақ тілінің күні туып, жұлдызы жарқырайды», - деп айтты ол.

БАҚ өкілдерінің бірі «Президент болсаңыз қалай орыстілді аудиториямен байланысасыз?» деген сауалына кандидат «өмір көрсетеді» деп жауап берді.

Бүгін ОСК Сәдібек Түгелдің кандидатурасын заңнамада қойылатын талаптарға сай деп таныды.

Өзгелердің жаңалығы