Президенттікке кандидат Сәдібек Түгел барлық талапқа сай – ОСК

26 Сәуір 2019, 16:34
3156
Бөлісу:
Президенттікке кандидат Сәдібек Түгел барлық талапқа сай – ОСК
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің құжаттарын қарап шығып, заңнамада қойылған талаптарға сай деп таныды. 

"Ұлы дала қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігі атынан ұсынылған Сәдібек Түгелдің құжаттарын ОСК қарап шықты. Кандидат Орталық сайлау комиссиясына кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме, сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, өмірбаяндық деректерін, жеке басын куәландыратын құжаттың, ЖОО білімі туралы дипломдарының көшірмелерін, мемлекеттік қызметтте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтері қоса берілген, оның президенттікке кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтінішті ұсынды. 

Президенттікке кандидат Сәдібек Түгел барлық талапқа сай – ОСК

"26 сәуірде кандидаттың мемлекеттік тілді меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтті. Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша оның қазақ тілін еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады", - деп айтты ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов.  

Комиссия кандидаттың құжаттарын қарап, ондағы мәліметтердің заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкестігін тексеру мақсатында уәкілетті органдарға сұрау салып, тиісті мәліметтерді алған. Сұрау нәтижесінде 15 жыл ішінде Қазақстан аумағында тұратыны, жоғары білімі бар екені, сотталмағандығы, сыбайлас жемқорлық қылмыс пен құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылмағаны, мемлекеттік және сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бары анықталды. 

Комиссия шешімімен Сәдібек Түгелдің кандидатурасы ҚР Конституциясына және "ҚР Сайлау туралы" Конституциялық заңында президенттікке үміткерге қойылған талаптарға сәйкес келеді деп танылды.
Өзгелердің жаңалығы