Бас жаңалықтар
Тегін дәрі-дәрмек туралы ақпаратты ұялы телефон арқылы алуға болады
28 Наурыз 2019, 12:50 447

Тегін дәрі-дәрмек туралы ақпаратты ұялы телефон арқылы алуға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі байланыс орталығы 1439 қысқа нөмірі бойынша қалалық және де ұялы телефондар үшін қолжетімді болды. Бұл туралы «СҚ-Фармация» баспасөз қызметі хабарлады.

Байланыс орталығының операторлары жүгінген пациенттерге тегін берілетін қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізу мерзімі мен күні туралы ақпарат береді. Олар әрбір шағымды егжей-тегжейлі талдайды, дәрі-дәрмек алуда іркіліс себептерін анықтайды, ал Бірыңғай дистрибьютордың өңірлік өкілдері медициналық ұйымдармен бірлесіп, дәріханаларға қажетті препараттарды жедел жеткізуді ұйымдастырады.

«СҚ-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, байланыс орталығы іске қосылған сәттен бастап 1439 қысқа нөміріне 10 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, оның ішінде осы жылдың бірінші тоқсанында 5 мыңнан астам қоңырау келіп түсті.

«Байланыс орталығының операторлары дәрі-дәрмектердің түсу мерзімі туралы ақпарат беріп қана қоймай, сондай-ақ, тіпті егер емхананың өзі қандай да бір себеппен дәрі-дәрмектің көлеміне тапсырыс бермесе немесе жеткіліксіз тапсырыс берсе де, өтінімді қалыптастыру және тез арада жеткізуді ұйымдастыру мәселесін шешу үшін бірден іркілістер байқалатын медициналық ұйыммен байланысады», - деп түсіндірді Берік Шәріп.

Бірыңғай дистрибьютор басшысының айтуынша, аймақтық өкілдер мәселенің шешілгені туралы байланыс орталығын хабардар еткеннен кейін және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде препараттардың босатылуы көрсетілсе де, байланыс орталығының операторлары пациенттің дәрі-дәрмекті алғанын мониторинг жасау үшін қайтадан байланысады.

«Біз үшін әрбір препараттың өз пациентіне жетуі және қазақстандықтардың ТМККК шеңберінде өздеріне тиесілі барлық дәрі-дәрмектерге еркін қол жеткізуі маңызды, сондықтан халықпен кері байланысқа көп көңіл бөлеміз», - деп атап өтті Берік Шәріп.

Загрузка...