Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра көрмесі
11 Наурыз 2021, 18:34 4684

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы: Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра көрмесі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Оңтүстік өңірге қарасты Бәйдібек ауданы Домалақ ана атындағы жалпы орта мектепте Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» тақырыбында қолөнер көрмесі өткізілді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған көрменің мақсаты – жас ұрпаққа қазақ халқының ұлттық қолтаңбасын, өнерін, салт-дәстүрін дәріптеу, мақтаныш ету. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің қазақ халқына оңай жолмен келмегендігін оқушыларға насихаттау.


Домалақ ана мектебінің үйірме жетекшісі Гүлнұр Оспанның айтуынша, аталған іс-шараға оқушылар белсенді түрде үлкен қызығушылық танытқан. Сондай-ақ көрмеге мектептегі жоғары сынып оқушылары толық қатысты.


Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Еліміздің барлық білім беру ұйымында атаулы мереке жаппай тойланып жатыр. Осынау ұлан-ғайыр жерімізді ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшіменен қорғады. Сондықтан аталған мерекеге байланысты мектеп әкімшілігі «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» көрмесін өткізуді ұйғарды. Бұл біздің Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болмақ. Туымыз мәңгі көкте желбірей берсін, егемендігіміз құтты болсын, - деді көрме ұйымдастырушысы Гүлнұр Оспан.

Көрмеде оқушылардың ұсынған жұмыстарына қарай, нәтижесінде 7-сынып оқушысы Бірханым Әбдімәулен 1-орын, 6-сынып оқушысы Әділхан Несіпбек 2-орын, 6-сынып оқушысы Бибінұр Қауынбай 3-орын иеленіп, шәкірттер тиісінше марапатталды.

Біз алдағы уақытта да еліміздің егемендігін жастардың бойына сіңіре түсу үшін тағылымды рухани кештер мен мәдени іс-шаралар өткізуді жалғастырамыз, - деді Оспан.


Көрмедегі ұсынылған мектеп оқушыларының жұмысына қарап, жас ұрпақтың санасына 30 жылдық Тәуелсіздіктің қаншалықты терең із қалдырғанын байқау қиын емес. Ерлік пен батырлық, Отан қорғауды парызым деп түсінетін 6 сынып оқушысы Әділхан Несіпбек өз қолымен салған картинасын егемендікке сый ретінде тарту еткенін атап өтті.

Мен бүгін мектебімізде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған көрмеге өз үлесімді қосу мақсатында Абылай ханның суретін салдым. Себебі ол тарихымыздан ойып тұрып орын алатын ірі тұлға. Ол тарихта қазақ халқын, елін, жерін қорғай білген хандардың бірі. Осы портрет арқылы бабаларымыздың мықты, елімізге қорған болғанын, сыртқы жаулардан қорғай білгенін көрсеткім келді. Біз сол бабаларымыз аңсаған азаттықтың ақ таңына жетіп отырған ұрпақпыз. Сондықтан біз олардың алдында қарыздармыз, - деді Әділхан Несіпбек.

Ал оның замандасы 6-сынып оқушысы Бірханым Мәулен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына өз қолымен ойып салған қазақ халқының ұлттық киімі камзол мен сәукелені ұсынды.

Бұл қазақ қыздарының ұлттық киімі. Мен ою-өрнекке толы ұлттық нақыштағы киімдерді кигенді ұнатамын. Біздің ақ жаулықты апа-әжелеріміздің осындай оюлы киімдер кигені мен үшін өте қызық. Халқымыздың бай ұлттық киімдері бар екендігін мақтаныш тұтамын, - деді ол.


Фото: дереккөз
Загрузка...