Бас жаңалықтар
Талғат Ысқақов: Астананың атын Nur-Sultan деп өзгерту – құптарлық шешім
23 Наурыз 2019, 14:50 682

Талғат Ысқақов: Астананың атын Nur-Sultan деп өзгерту – құптарлық шешім

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Бұл – Елбасының ерен еңбегінің өтеуі, дер кезінде берілген тарихи баға. "Nur Otan”  партиясы Шымкент қалалық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі, «Бас текстиль» ЖШС директоры, кәсіпкер Талғат Ысқақов Астана қаласының атын Nur-Sultan деп өзгеруіне байланысты осындай ой айтты.

Талғат Жүнісбекұлының айтуынша, Астана қаласын Nur-Sultan деп өзгерту құптарлық шешім.

«Біріншіден, қиын-қыстау кезеңде Елбасы келешекті көрегендік бағамдап, мемлекетіміздің астанасын Алматыдан Астанаға көшіріп, тәуекел жасауы – ерлік іс. Екіншіден, Тұңғыш Президент Астана елорда болғалы әрбір құрылыс жобасын өз зердесінен өткізіп, сәні мен сәулеті келіскен шаһарға айналдырды. 1997 жылы Ақмолада болғаным есімде, ол кезде қала ауыл сияқты еді. Үйлері жертөлеге ұқсайтын. Қазір қараңыз, адам танымастай өзгеріп, әлемнің әдемі қалаларының біріне айналды. Күн сайын, ай сайын зәулім ғимараттар бой түзеп жатыр. Сондықтан, Астананың атын Nur-Sultan деп өзгерту – Елбасының ерен еңбегінің өтеуі, дер кезінде берілген тарихи баға. Біздің ұжым да осы ұсынысты қолдайды», – дейді Талғат Жүнісбекұлы.

Сонымен қатар, Талғат Ысқақов елімізде еңбек етіп, кәсіп жасағысы келген ынталы адам үшін кеңшілік барын айтады. Кәсіпкер өзі де мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібін жандандырғанын жеткізді. Ол Шымкент қаласынан «Бал текстиль» серіктестігінің негізін қалады. Яғни, Талғат Ысқақовтың кәсіпорны кілем тоқып, полипропилен жіптерін дайындап, иірумен айналысуда. Фабрика жыл сайын шамамен 3 миллион шаршы метр кілем өнімдерін шығарады. 2014 жылы Тұрғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шымкентке келген сапарында кәсіпорынның жұмысымен танысты.

«Елбасы қарапайым кісі екен. Ісіміздің ілгерілеуіне сәттілік тіледі. Қазір шүкір, жұмыс қызып жатыр. Өнімдеріміз сапалы. Қазақы нақыштағы кілемдер шығарамыз. Ең бастысы, 300-ден аса адамды жұмыспен қамтуға жағдай жасадық. Олардың дені жастар. Жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін шетелге де оқуға жібердік. Осының бәріне Елбасының бастамасымен жасалған жүйелі жұмыстың ұшқыны тиді деп есептеймін. Өздеріңіз білесіздер, 1990 жылдары дағдарыс дендегені соншалық, ең арзан, қарапайым заттың өзін алуға мүмкіндік болмады. Талонмен ылаждап күн кештік. Экономика құлдырады. Ал Елбасы халықты сол ауыртпашылықтан аман алып шықты. Елдің еңсесін тіктеді. Жастардың білім алуына жол ашты. Бұл ретте бір ғана «Болашақ» бағдарламасын атасақ та жеткілікті. Кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтетін мемлекеттік бағдарламаларды ұсынды. Сөйтіп, өз кәсібімді дамытамын деген әрбір қазақстандыққа мүмкіндік берілді. Тиімді несие ұсынып, ісін өрге домалатуға қолдау жасады. Қазіргі таңда еңбек етемін, оның зейнетін көремін деген адамның кеудесінен ешкім итермейді. Әлбетте, аз-маз қиыншылықтар болады, онсыз адам шыңдалмайды. Тек мойымай, алға ұмтылу керек. Жалпы, бүгінгі күні әлеуметтің әлеуеті артқан, тұрмысы жақсарған. Тіпті, қазір Қазақстанға шетелдіктер де келіп, жұмыс істеуде», – дейді Талғат Жүнісбекұлы.

Бұдан бөлек, кәсіпкердің пайымдауынша, Ұлт көшбасшысы ата-бабамыздан қалған ұлан-ғайыр жердің шекарасын бекітіп, халықтың ынтымағын сақтауда да сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

«Халқымыздың ынтымағын сақтады. Бірлікті елге бақ қонатынын, тыныштық болса, тұрмыс түзелетінін Елбасы Тәуелсіздік алғаннан бері әрдайым айтып келеді. Сондай-ақ Ресей мен Қытай елімен, басқа да мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнатып, мәселелерді Қазақстан пайдасына шешудегі шеберлігі өз алдына үлкен тақырып. Сондықтан, бүгінде Қазақстанның саяси, бизнес, мәдени орталыққа айналған Астана қаласының атауын Nur-Sultan деп ауыстыру өте орынды болды», – деп сөзін түйіндеді Талғат Ысқақов.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық