Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі субсидиялау бойынша бірқатар өңір әкімдіктерінің лауазымды тұлғаларынан құралған қылмыстық топтарды әшкереледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының көмекшісі Шыңғыс Әлекешев айтты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы ауқымды операциясы нәтижесінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынысты бөлімшелер мен ұйымдардың және Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Ақмола, Түркістан, Жамбыл облыстары, ШҚО, БҚО, Атырау, Ақтөбе облыстары әкімдігінің лауазымды тұлғаларынан тұратын қылмыстық топтар әшкереленді, – деді і Шыңғыс Әлекешев.
Оның айтуынша, олар субсидиялауға бөлінген қаражатты жымқырумен айналысқан, кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара мен заңсыз сыйақылар алудың жемқорлық схемасын ұйымдастырған.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заттай дәлделдемелер алынды. 30-дан астам қатысы бар адам анықталды, олардың көпшілігі қазір кінәсін толық мойындап, тергеу тобымен ынтымақтастық орнатуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді, – деді Шыңғыс Әлекешев.
Айта кетейік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі субсидиялау саласында кешенді талдау жұмыстарын бастады. Аталған құқықбұзушылық та сол амалдар аясында анықталып отыр.
Оқи отырыңыз: