Қазақстан армян-әзербайжан қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады

27 Қыркүйек 2020, 17:21
2463
Бөлісу:
Қазақстан армян-әзербайжан қақтығысына қатысты мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді.     

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз. Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз, - делінген СІМ хабарламасында. 

Айта кетейік, жексенбі күні Әзербайжан Қорғаныс министрлігі Армения қарулы күштері Карабақтағы елді мекендерге оқ атқанын, ел азаматтарының арасында қайтыс болғандар бар екенін мәлімдеді.

Еске салсақ, 12 шілдеде Армения-Әзербайжан қақтығысы қайта өршіген болатын. Ереван мен Баку бір-бірін Таулы Қарабақтың таулы аймағының солтүстігінде орналасқан ортақ шекара бөлігінде атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптады. Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Әзербайжан-Армения шекарасындағы Товуз аймағындағы армян қарулы күштері Әзербайжан позицияларын артиллериялық оққа ұшыратқан. Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан әскери қызметшілері УАЗ көлігімен шекараны бұзып, артиллериялық оқ жаудырып, әскери бөлімше орналасқан бөлімшені басып алмақ болғанын хабарлады.

Бұған дейін Әзербайжан Президенті Армения жаңа соғысқа дайындалып жатқанын айтқан болатын.

Кейіннен Әзербайжан мен Армения Карабақтағы жағдайдың ушығып кеткенін мәлімдеді.

Ал Армения Карабақтағы жағдайға байланысты елде соғыс жағдайы орнағанын, мемлекеттің қарулы күштерін бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшірілгенін хабарлады.

Өзгелердің жаңалығы