Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында жанармай бекетінде болған жарылыстан ауыр жарақат алған 20 жастағы Ерлан Анар көз жұмды, деп хабарлады Almaty.tv.
Жас жігіт 11 маусымда кешкі сағат 18:10-да қайтыс болды. Дәрігерлер оны аман алып қалу үшін қолдан келгенін жасады. Алайда, ол өте ауыр жарақат алған.
«Кеше кешкі сағат 18:10-да көз жұмды. Басынан аяғына дейін күйіп қалған тасымалдауға жарамады. Жасанды тыныс беретін аппаратта ұстадық. Алайда, жарақаты өте ауыр болды. Сондықтан қанша жанталасқанымызбен, жанын алып қала алмадық», – деді орталықтың бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.
Айта кетейік, 7 маусымда Шымкенттегі «МУРАЗ» компаниясының автогаз толтыру станциясының аумағында газды сақтауға арналған екі бос цистернаның бірі жарылған. Жарылыс салдарынан 1999 жылы туған мекеме қызметкері Ерлан Анар зардап шеккен болатын.