Шортандыдағы жарылыс: Зардап шеккен балалардың жағдайы қалай?
17 Қараша 2021, 11:10 209

Шортандыдағы жарылыс: Зардап шеккен балалардың жағдайы қалай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысы Шортанды ауданы Шортанды кентіндегі барак үлгісіндегі үйде газ баллоны жарылып, оның салдарынан үш адам қаза тауып, 11 адам зардап шеккендігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендердің жағдайы туралы айтып берді. 

16 қараша күні сағат 21:38-де Шортанды кентінің бір қабатты үш пәтерлі тұрғын үйінде газ баллонының жарылуына байланысты пәтердің шатыры опырылып, 350 шаршы метр алаңда өрт шыққан. Қирандылар арасынан әйелдің денесі табылған, - деді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 

Ведомствода атап өткендей, оқиға орнына шұғыл түрде Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Нариман Сыздықов барған. 

Қазіргі уақытта зардап шеккендер саны 11, оның ішінде бес ересек және алты бала. Зардап шеккен 10 адам ауруханаға жатқызылды. Қазірдің өзінде санитарлық авиация бойынша хирургтар, соның ішінде балалар хирургтары жіберілді, - деді өңірдің бас дәрігері. 

Ведомстводан нақтылағандай, алты зардап шеккен адам (төрт бала және екі ересек адам) Нұр-Сұлтан клиникаларына, қалған төртеуі Шортанды кентіндегі аудандық ауруханаға жатқызылды. Тағы бір адам үйге жіберілді. 

Дәрігерлер өрт салдарынан зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтты. 

2011 жылғы қыз - 60% (50% терең) термиялық күйік алған, өте ауыр дәрежедегі күйіктік шок болған; термоингаляциялық зақымдану. ӨЖЖ аппаратына қосылған, некротомия жүргізілген; 

2009 жылғы ұл - 70% (40% терең) термиялық күйік шалған. Алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді; жағдайы күрделі. 

2016 жылғы қыз - термиялық күйік 10% (5% терең), алғашқы хирургиялық көмек көрсетілді. 

2020 жылғы ұл - 20% термиялық күйік (15% терең), денесін қатты күйік шалған. Таңу жүргізілді, жағдайы қанағаттанарлық.

Облыстық полиция департаменті жеке тұрғын үйдегі жарылыс фактісі бойынша үш үй иесіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. 

Аталған факті бойынша ҚК 306-бабы 3-бөлігі бойынша «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу басталды. Зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі штаб құрылды. Қазіргі уақытта зардап шеккендер отбасы мүшелері туысқандарының үйіне орналастырылды. Аудан әкімдігі зардап шеккендер үшін екі пәтер берді, сондай-ақ қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру бойынша отбасыларға көмек көрсетілетін болады, - деді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі.


Фото: дереккөз
Загрузка...