Ақмола облысында газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапты

17 Қараша 2021, 09:22
1219
Бөлісу:
Ақмола облысында газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Шортанды кенті Линейная көшесінде газ баллоны жарылды. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.

Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруге ТЖД 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды, - делінген хабарламада.

Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метр.

Өрт сағат 22-35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілді.

Оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылды. Тағы он адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және зерттеу-өрт зертханасы жұмыс істеуде.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға тұрмыстық газ баллонын қолдануда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.


Өзгелердің жаңалығы