ШҚО-да 2 ауылға интернет тартылады

13 Қыркүйек 2020, 06:44
1839
Бөлісу:
ШҚО-да 2 ауылға интернет тартылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстанда интернет желісі нашар немесе мүлдем ұстамайтын елді мекендер бар. Алайда қазіргі уақытта елді мекендерге тез арада жоғары жылдамдықтағы интернет желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Жуық арада өңірдегі оқушылар қашықтықтан алаңсыз білім алатын болады.

«Қазақтелеком» АҚ филиалының хабарлауынша, жыл басынан бері компания облыстағы барлық ауданға 1800 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде, ұялы байланыс ұстамайтын жерлерде де интернет жүйесі іске қосылған. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендерде жүргізілуде. Мәселен Ұлан ауданында интернет желісі тартылуда.

«Қазақтелеком» АҚ филиалының техникалық директоры Ғазинұр Раимхановтың айтуынша, 20 қыркүйекке дейін Ұлан ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Ұлан, Бозанбай, Тарғын, Асубұлақ елді мекендерінде интернет желісі тартылады.

Аудандық әкімдікпен бірлесіп, Бестерек пен Ізғұтты Айттықов ауылдарына интернет тартудың техникалық шешімін таптық. Меніңше, 1 қазанға дейін осы бағыттағы жұмыстар толық аяқталып, тұрғындар кең жолақты интернетке қол жеткізеді, - деді Ғазинұр Раимханов.

Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасовтың айтуынша, интернетпен туындаған проблемаға қарамастан оқу үрдісі жоспар бойынша жүргізілуде.

Шағын елді мекендерде шағын комплектілі мектептер орналасқан. 1 қыркүйектен бастап оқушылар штаттық режимде білім алуға көшті. Барлық ауыл мектебінде интернет бар. Қала мектептерінде оқитын оқушылар, сондай-ақ студенттер жұмыс күндері ауылдағы білім ошақтарына барып, сабақтарын оқи алады. Онда барлық санитарлық талап сақталған, - деді Қуат Оқасов.

Айта кетейік, бір мезетте Шығыс Қазақстан облысындағы барлық елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету мүмкін емес. «Қазақтелеком» АҚ филиалы ағымдағы жылы үлкен жұмыс атқарылғанын алға тартты. Егер 2019 жылы облыстағы 150 елді мекенде интернет желісі болмаса, биыл бұл көрсеткіш 2 есеге азайғанын атап өткен орынды.



Өзгелердің жаңалығы