Сенат судьяларды қызметінен босатты

21 Мамыр 2020, 11:01
2231
Бөлісу:
Сенат судьяларды қызметінен босатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Жоғарғы сотының судьялары қызметінен босатылды.

Ел президенті Сенат қарауына Бауыржан Жұмағұлов пен Асқар Смайыловты басқа лауазымға тағайындалуына байланысты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босату туралы ұсыным енгізді.

Президенттің жарлығымен жуырда Смайылов Алматы қалалық сотының төрағасы, ал Жұмағұлов Атырау облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындалған болатын, - дейді жоғары сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов.

Сенат депутаттары Мемлекет басшысының ұсынымын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Жоғарғы соттың бұрынғы судьяларына атқарған қызметі үшін алғыс білдіріп, жаңа жұмыстарына табыс тіледі.

Бауыржан Жұмағұлов 1961 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Мамандығы - құқықтанушы, заңгер. Әр жылдары Алматы қаласының прокуратурасында, Ақмола облысының әділет басқармасында қызмет атқарған. 

1999-2002 жылдары Астана қаласының соты, 2002-2006 жылдары Атырау қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы болған. 2011-2012 жылдары ҚР жоғары сотының аппаратында, 2012 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚР жоғарғы сотында жұмыс істеді.

Асқар Смайылов 1964 жылы туған. Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Әр жылдары Жамбыл облыстық төрелік сотының судьясы, Жамбыл облыстық сотының судьясы, Жамбыл облыстық соты азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы, Жамбыл облыстық соты кассациялық сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды.

2015-2020 жылдар аралығында Қазақстан жоғары сотының судьясы болды.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 13 сәуірдегі жарлығымен Алматы қалалық сотының төрағасы болып тағайындалды.

Өзгелердің жаңалығы