Бас жаңалықтар
Санитарлық талаптар сақталғанда ғана соңғы қоңырауды өткізуге рұқсат беріледі – Аймағамбетов
11 Мамыр 2021, 13:18 1144

Санитарлық талаптар сақталғанда ғана соңғы қоңырауды өткізуге рұқсат беріледі – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов соңғы қоңырауды өткізуді ұйымдастыруға қатысты пікірін айтты.

Соңғы қоңырау іс-шарасын 9 және 11 сынып бітірушілеріне санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық ауада өткізуге рұқсат беріліп отыр. Бұл оқушылар ІІІ тоқсаннан бастап дәстүрлі форматта, онлайн форматта оқыды. Сондықтан бұл екі шешім бір-бірімен үйлесіп отыр, - деді ол.

Аттестат беру рәсімін де осындай форматта өткізу жоспарланып отыр. Министр 9 және 11 сынып мектеп түлектерінің ата-аналарына қабылданған шешімді жеткізіп, дайындық шараларын жүргізуді тапсырды.

Тек маска режимін, әлеуметтік арақашықтық, санитарлық талапты сақтау бойынша қатаң шаралар жүргізілуі керек. Осы талаптар сақталғанда ғана соңғы қоңырауды ашық ауада өткізуге рұқсат беріледі. Былтыр аттестатты беру рәсімі осындай форматта өткізілген болатын. Сол себепті бұл формат бойынша тәжірибелеріңіз жетеді деп ойлаймын, - деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр аппарат жиналысында қорытынды аттестаттау мәселесіне тоқталды.

Бұл мәселе көп талқыланды. Бұл бойынша нақты ақпарат, әдістемелік жұмыстар жіберілді. Сондықтан бұл мәселе бойынша дау-дамай туғызбай, тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бұл - баяғыдан келе жатқан, жылда өткізіліп жүрген 9, 11 сыныптардың мектеп бітіргенде тапсыратын емтиханы. Мұны ешкім жаңадан ойлап шығарып отырған жоқ, - деп министр түсіндірді.

Бас ұстаз атап өткендей, аттестаттауды өткізу үшін халықаралық тәжірибеге де зерттеу жүргізілген.

Шешім қабылданғанда, ол тек біржақты қабылданбайды. Оны жан-жақтан зерттеп барып қана қабылдайды. Енді қабылданған шешімді ата-аналарға, мектеп бітірушілерге дұрыстап жеткізіп, түсіндіріп, ұйымдастыру керек. Емтиханның тапсырмалары да жеңілдетілді. 25 мамырға дейін қашықтан оқыған балалар үшін диагностикалық іс-шараларды өткізуіміз қажет. Одан кейін 25 мамырдан бастап жазғы мектеп жұмыстары басталуы тиіс, - деді ол.

Министр әріптестеріне осы мәселелерді қолға алып, ұйымдастыру жұмыстары жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар республикалық ата-аналарға арналған жиналыс өтеді.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...