Бас жаңалықтар
Салықтық берешектің ең көп сомасы көлік иелеріне тиесілі
12 Шілде 2019, 13:22 217

Салықтық берешектің ең көп сомасы көлік иелеріне тиесілі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР қаржы вице-министрі Қанат Баеділов жеке тұлғалар үшін салықтық рақымшылық 16 шілдеден бастап жүргізілетінін айтты.

Бұған қоса, вице-министрдің мәліметінше, 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,4 млн жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд теңгені құрайтын салықтық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш – 14,3 млрд теңге, есептелген өсімпұлдар – 6,6 млрд теңге.

Қанат Баеділов Үкімет үйінде өткен брифингте салықтық берешектің ең көп сомасы немесе 70% (14,4 млрд теңге) көлік құралдары салығына тиесілі екенін айтты. Одан кейін жер салығы – 12% (немесе 2,5 млрд теңге), мүлік салығы – 6,7% (немесе 1,4 млрд теңге). 

Ең көп борышкер жеке тұлғалар Шымкент қаласында (148 мың) тіркелген. Түркістан облысында 139 мың адам, Жамбыл облысында 116 мың адам және Нұр-Сұлтан қаласында 114 мың адам тіркелген.

Салықтық берешектің ең көп сомасы Алматы қаласы (5,5 млрд теңге), Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысы (2 млрд теңгеден) және Шымкент қаласына (1,6 млрд теңге) тиесілі.

"Осы рақымшылықтың маңызды шарасы – жеке кәсіпкер болып табылмайтын, бірақ кәсіпкерлік қызметтен туындайтын салықтар бойынша берешегі бар жеке тұлғалардың салықтық берешегін есептен шығару мүмкіндігі болып табылады. Бұл жерде көрсетілген берешек 2002-2003 жылдары салық органдарының жергілікті жүйеден жалпы республикалық салықтық ақпараттық жүйеге (БСАЖ) көшуі кезінде пайда болғанын айтып өткен жөн. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, сомасы 700 млн теңгеге, оның ішінде негізгі борыш  400 млн теңге, өсімпұл – 300 млн теңге болатын мұндай салықтық берешек 16 мыңнан астам жеке тұлғада болған", - деді Қанат Баеділов.

Вице-министрдің айтуынша, жеке тұлғаларға өсімпұлдарды есептен шығару үшін, яғни салықтық рақымшылыққа ілігу үшін салық бойынша негізгі борышын өтеу керек. Бұл үшін оларға еш жерге арнайы барудың керегі жоқ. Мемлекеттік табыс органдары жеке тұлғалар шотын күнделікті тексеріп, негізгі борыш төленген жағдайда 3 жұмыс күнінде өсімпұлды есептен шығару туралы шешім қабылдайды.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық