Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек хабарлады. Оның айтуынша, науқан елордадағы «Нұрлы жол» вокзалында бастау алды.
Аталған іс-шараны полиция қызметкерлері елдің барлық өңіріндегі теміржол вокзалдарында бір уақытта өткізеді.
Науқан азаматтарымызға есірткінің заңсыз айналымына қатысудың салдары туралы ақпараттандыру үшін ұйымдастырылды. Іс-шара жолаушылар мен оның туыстарын жолдарынан бөгемей, бірақ оларға есірткі сатудың құқықтық салдары туралы ақпаратты жеткізуге бағытталған, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Науқанға полиция қызметкерлері, кинолог мамандар қызметтік иттермен бірге, сонымен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдері, шығармашылық ұжымдар, танымал тұлғалар қатысады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына есірткіге қарсы белгі бейнеленген буклеттер, кәдесыйлар таратылды.
Еске сала кетейік, бұған дейін биыл 11 айда республикада 2 мыңнан астам есірткі қылмысы жасалғаны туралы жазған болатынбыз. Оның 1300-і – есірткі өткізу және 360-ы – аса ірі көлемде есірткі сақтау қылмысы екені анықталды.