2019 жылы 1057 жаңа қой шаруашылығы құрылды – АШМ

21 Ақпан 2020, 11:40
4777
Бөлісу:
2019 жылы 1057 жаңа қой шаруашылығы құрылды – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиын барысында 2019 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттер айтылды.

Мемлекеттік бағдарлама аясында мал шаруашылығын дамытудың салалық инвестициялық бағдарламалары іске асырылуда. Етті мал шаруашылығының негізгі бағыты шаруа қожалықтарын құруға бағытталған. 2019 жылы 82,1 мың бас ірі қара мал және 374,4 мың бас аналық қой сатып алу үшін қаржыландырылды. Нәтижесінде ірі қарамен айналысатын 840 жаңа шаруашылық құрылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 38%-ға артық. 2019 жылдың қорытындысы бойынша қой шаруашылығында 1057 жаңа шаруашылық құрылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2,2 есе көп, - деді ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Оның сөзінше, импортты алмастыру мақсатында сүтті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы да жүзеге асырылып жатыр. 

2019 жылы 7,4 мың басы бар 30 отбасылық ферма қаржыландырылды және іске қосылды. Салалық бағдарламаның көрсеткіштеріне 2020 жылы қол жеткізу үшін 25 өнеркәсіптік тауарлы сүт фермасын және жалпы қуаты кемінде 15 мың бас сауын табынымен 30 отбасылық тауарлы сүт ферма құру қажет. Осыған байланысты барлық өңірлерді осы бағдарламаны жүзеге асыруда мұқият назар аударуды және ықпал етуді сұраймын, - деді өз сөзінде вице-министр. 

Сонымен қатар, министр құс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында құс етін өндіру көлемін арттыру бойынша шаралар қабылдайтынын жеткізді.

2019 жылдың қорытындысы бойынша құс еті импортының үлесі 45,3% құрады. 2018 жылы бұл көрсеткіш 49% еді. Импорт үлесінің төмендеуі, ең алдымен, Ақмола облысында 25 мың тонна құс етін өндіру жөніндегі жобаның бірінші кезеңінің іске қосылуымен ("Макин құс фабрикасы" ЖШС) және Жамбыл облысында ("Әулие Ата Феникс" ЖШС) жылына 8000 тоннаға дейін құс етін өндіретін қолданыстағы құс фабрикасын кеңейту жөніндегі жобаны іске асырумен байланысты, - деді Айдарбек Сапаров.

Өзгелердің жаңалығы