«Қайғылы қаңтар». Тәртіпсіздіктердің хронологиясы

15 Қаңтар 2022, 22:09
3328
Бөлісу:
«Қайғылы қаңтар». Тәртіпсіздіктердің хронологиясы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев «қайғылы қаңтар» оқиғаларының хронологиясын атады. 

1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да  қала әкімдігінің жанында қала тұрғындары жиналды. Сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейнеөтініш жазған соң, сол күні сағат 18:00-де адамдар тарады. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.

2 қаңтарда Маңғыстау облысында сағат 11:00-ден бастап әкімдіктерге, автопарктерге, мешітке жақын жерде сұйытылған газ бағасын төмендету талабымен облыс тұрғындарының санкциясыз жиындары байқалды. Күн ішінде наразылық білдірушілер саны шамамен бірнеше жүз адамды құрады. Жаңаөзен қаласында акцияларға қатысушылар ішкі автожолдарды жапты. Құқық қорғау органдары қару қолданған жоқ.

3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Осы күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары, БҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және ШҚО) «бейбіт» митингілер басталды.

4 қаңтарда митингілер жалғасып, өңірлер саны 11-ге жетті, адамдар рұқсатсыз жаппай жинала бастады.
Қатысушылар саны 37 мың адамға (Алматы қ., Нұр-сұлтан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары) дейін күрт артты. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен бүліктер басталды. 

Айта кетейік, сол күннен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерге және әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін өлімге әкелмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады.

5 қаңтарда тәртіпсіздіктер елдің 11 өңірінде жалғасты. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын және «Алматы» халықаралық әуежайын басып алды. 

Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп жіберді, Талдықорғанда облыс әкімдігі, полиция және ҰҚКД ғимараттарын басып алды.
Сондай-ақ, БП өкілі террористердің іс-қимылын үйлестіруді және байланыс құралдарын пайдалануын болдырмау мақсатында Интернетке кіру шектелгенін атап өтті.

6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады.

7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары бірнеше өңірде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында) жалғасты.

8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтана бастады, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылды. 

Сондай-ақ, Серік Шалабаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша БП «Алматы трагедиясының» және басқа өңірлердегі террористік шабуылдардың барлық себептері мен егжей-тегжейін анықтап жатқанын атап өтті. Құқық қорғау органдары террористік шабуылдарға қатысушыларды анықтау және жазалау, елдегі қоғамдық қауіпсіздікті толық қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Сонымен қатар, Бас прокуратура аталған барлық оқиғалар – бір тізбектің бөліктері екендігіне, бұл ретте террористердің іс-қимылдары бірыңғай орталықтан үйлестірілгеніне сенім білдірді.  

Бүгінгі күні 4 578 жәбірленуші анықталды, оның 4 353-і жараланған, оның ішінде 3 393-і (78%) күш ведомстволарының қызметкерлері. Төтенше жағдай кезінде (5-14 қаңтар аралығында) еліміздің мәйітханаларына 225 адам жеткізілді. Олардың кейбірі - террорлық шабуылдарға қатысқан, ғимараттар мен құқық қорғау күштерінің қызметкерлеріне шабуыл жасаған қарулы қарақшылар. 

Ведомство өкілдері бұл алдын ала деректер екенін атап өтті. Олар әлі де нақтыланады және өзгеруі мүмкін. 

Қалай болғанда да, әр факті мұқият зерттеліп, нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады.

Қылмыс жасады деген күдікпен 672 адам уақытша ұстау изоляторына жеткізілді, оның ішінде 446-сы сот санкциясымен қамауға алынды. Құжаттарды тексергеннен кейін және прокуратурамен ұстауға негіз болмағандықтан 100-ге жуық адам босатылды. 

Бас прокуратура әр факті бойынша тиісті құқықтық баға беру арқылы мұқият зерттеледі деп отыр.

Өзгелердің жаңалығы