Қай өңірлерде туберкулездің таралуы жоғары?
13 Мамыр, 15:08 424

Қай өңірлерде туберкулездің таралуы жоғары?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде Совет кезеңінен бері экологиялық жағдайы төмен аймақтарда туберкулез көп тараған. Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында республикалық көрсеткіштерден жоғары. Дегенмен жағдай бірте-бірте жақсарып келеді. Бұл туралы Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының мониторинг, бағалау, эпидемиология, статистика, ақпараттандыру департаментінің жетекшісі Панагүл Жазықбаева айтты.

Оның айтуынша, 2015 жылы туберкулездің 10 225 жаңа жағдайы анықталса, 2021 жылы 6 800 адам туберкулезге шалдыққан. Жыл өткен сайын еліміздің әр облысында туберкулезге шалдығу төмендеп келеді екен.

Ал, туберкулезден болатын өлім көрсеткішіне келсек, 2015 жылы 700-ден астам адам көз жұмса, 2021 жылы 319 науқас қайтыс болған. Басқа ауру түрлерімен салыстырғанда бұл өте төмен. Біз аурудан болатын адам өлімі жағдайын болдырмау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Ол үшін ауруды ерте кезеңінде анықтау керек,-деді ол.

Сонымен қатар ол коронавирус пандемиясынан кейін туберкулезбен ауыратындар саны күрт артады деген болжамға қатысты түсінік берді.

Халықаралық сарапшылардың айтуынша, соңғы бес жылда туберкулездің таралуы өсуі мүмкін, яғни 5-40 пайызға дейін. Біздің ойымызша елде 5-7% аралығында болады деп отырмыз, олай болмауы да мүмкін. Коронавируспен ауырғандардың көбінің өкпесі зақымданды, сол себепті оларда туберкулезбен ауырып қалу ықтималдығы жоғары. сол себепті осындай болжам жасалып отыр,-деді Жазықбаева.

Оның айтуынша, егер адамдар туберкулезге қарсы тексерістен өтсе көбінің ағзасында туберкулездің ұйықтап жатқан таяқшалары анықталуы мүмкін. Егер адамның иммунитеті жақсы болса ол ауырмайды. Бірақ коронавирус сияқты зиянды әсерлер ықпал етсе, яғни мас күнемдік, нашақорлық және тағы басқа жанама аурулардан иммунитет төмендесе ұйықтап жатқан таяқшалар оянып, адамда ауру тудыруы мүмкін. 
 


Фото: автордан
Загрузка...