Қарағандыда ЖИТС жұқтырғандардың өмірін ұзарту үшін арнайы терапия қолданылады

15 Мамыр 2019, 09:34
2239
Бөлісу:
Қарағандыда ЖИТС жұқтырғандардың өмірін ұзарту үшін арнайы терапия қолданылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысында ғасыр дертімен күресу бойынша көптеген шаралар атқарылып жатыр. Солардың бірі – АИТВ вирусын тасымалдаушының өмір салтын жақсарту үшін арнайы терапия қолданылады. Бұл жайында облыстық ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталықтың директоры Бейбіт Сағымбаев брифинг барысында мәлімдеді.

Бүгінде ЖИТС дерті көптеген адамдардың күнделікті өмір салтына айналған. Облыстық ЖИТС-пен күрес орталығы мамандарының айтуынша, АИТВ жұқпасын уақытылы анықтап, оны бақылауға алса, онда ол адамның өміріне қауіп төндірмейді. Тіпті мұндай сырқаты бар әйелдердің өмірге дені сау ұрпақ әкелуге барлық мүмкіндігі бар. Ол үшін АИТВ жұқпасы бар ана антиретровирустық дәрілерді қабылдау ережесін бұзбай, уақытылы қабылдап отыруы абзал.

«Қазір АИТВ жұқпасы созылмалы ауру сияқты, онымен күресуге болады. Ретровирусқа қарсы дәрілер ағзадағы вирустың белсенділігін жояды. Осылайша айықпас дертпен күресіп, өмір сүру ұзақтығын созуға болады», - дейді облыстық ЖИТС-қа қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталықтың директоры Бейбіт Сағымбаев.

Профилактикалық жұмыстарға қарамастан АИТВ вирусын жұқтыратындардың қатары азаймай тұр. Орталықтың мәліметінше, 1990 жылдан бастап Қарағанды облысында 5608 адам АИТВ жұқтырған. Өкінішке орай, олардың 2313-і осы дерттен көз жұмған.

«Біздің облыс бұл дерттің таралуы ауқымдылығы бойынша Алматы мен Павлодардан кейін үшінші орында тұр. Облыс бойынша ЖИТС-пен сырқаттанғандардың көпшілігі Теміртауда тұрады. Дегенмен, аймақтағы жағдай қалыпты деп айтуға болады. Сырқаттың таралуы ауқымды емес, яғни дабыл қағуға себеп жоқ. Қазіргі уақытта бізде диспансерлік есепте 2800 адам тіркеуде тұр. Соңғы 10 жылда ретровирусқа қарсы терапия жасап келеміз. Тіркеуде тұрғандардың 75%-ы осы терапияны қабылдайды. Олардың өмір сүру сапасы артып, ұзақ өмір сүретін болады. Олар дәрігерлердің ұсынымдарын сақтайды», - дейді Бейбіт Сағымбаев.

Соңғы 4 айда Қарағанды облысы бойынша 150-ден аса адам АИТВ жұқпасын жұқтырған. Олардың басым бөлігі 20-49 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті азаматтар. Вирус жұқтырғандардың 70%-ға жуығы АИТВ-ны жыныстық жол арқылы жұқтырататыны анықталған.

«Адамдардың вирус жайлы білім деңгейінің төмендігінен осындай жағдайлар орын алады. Сондықтан АИТВ вирусын жұқтырудың алдын алу мақсатында тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын үнемі жүргіземіз. Сондай-ақ, әр адамның өз АИТВ мәртебесін білуі үшін шаралар атқарамыз. Мысалы, ЖИТС-тан қайтыс болғандарды еске алу күніне орай 17 мамыр күні орталық саябақта ауқымды шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда қала тұрғындары өздерінің АИТВ статусын «жедел-тест» тапсыру арқылы біле алатын болады», - деді ол.

Бейбіт Сағымбаевтың айтуынша, АИТВ вирусын жұқтырған бала көтеруге қабілетті жастағы әйелдер өмірге дені сау ұрпақ әкеле алады.

«Соңғы үш жылда АИТВ жұқпасы бар 50-60 әйел дені сау бала өмірге әкелді. Бұл дәрігерлердің ғана емес, қоғамның да үлкен жетістігі», - деді маман.

Орталық білім беру мекемелерінде – мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасөспірімдер мен жастар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізіп, түрлі флешмобтар мен акциялар ұйымдастырылады, семинарлар мен дәрістер өткізіледі.

«Білім беру ұйымдарынан өзге мекемелермен де бірлесе жұмыс жасаймыз. Бас бостандығынан айыру мекемелерінде отырған азаматтармен де жұмыс жасаймыз. Оларды диспансерлік тексеруден өткізіп, қадағалаймыз. АИТВ жұқпасы анықталған жағдайда оларға дәрі-дәрмек береміз. Орталықтың мамандары апта сайын, ай сайын түрмеге, колонияларға барып, вирус жұқтырғандармен кездесіп, оларға ем тағайындап отырады. Олармен үнемі байланыстамыз», - дейді Орталықтың профилактикалық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Нағима Түлекбаева.

Өзгелердің жаңалығы