Қала күні – 2019: Алматыда алма мен кітап тегін таратылды

15 Қыркүйек 2019, 13:16
3323
Бөлісу:
Қала күні – 2019: Алматыда алма мен кітап тегін таратылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала күнін жаңа Алматылықтар ерекше думандатты. Алатау ауданында 1 тонна алма арзан бағада саудаланып, 5 мың оқырмандарға кітап тегін таратылды. Алып шаһардың туған күніне орай ұйымдастырылған шарада қолөнер шеберлері өз білгендерімен бөлісті. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Алатаулықтар асқар тауы мен көркі көпті шабыттандырған алып шаһардың туған күнін тойлауға тайлы-тұяғы қалмай жиналған. Қала тұрғындары бұл мейрамды жылда ерекше атап өтеді. Аудан тұрғындары мен қала қонақтарына қызық болуы үшін жергілікті әкімдік бір мезгілде, бірнеше шара ұйымдастырды.

«Кез келген алматылық өз қаласын жақсы көреді деп есептеймін. Мен де өз қаламды өте қатты жақсы көремін, өйткені Алматыны көркейтіп тұрған – біздің Алатауымыз. Алатауға қарап, небір адамның өзінің әлі де таусылмайтын арман-мақсаттары орындалатын шығар деп ойлаймын», - деді Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Саят Ағыбаев.

Бүгін аудандағы кәсіпкерлер Алматының символы болған жемісті көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға тегін таратты. Ал қалғандарына алма арзан бағамен саудаланды. Жалпы шараға 1 тонна жеміс жеткізілген. Сондай-ақ, балаларға арнап қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын өткізді. Шеберлік сыныптарына қатысып, концерт тамашалауға келген аудан тұрғындары ыстық ықыластарын жеткізді.

«Алматыға деген махаббатымыз шексіз. Бала-шағамыз осында өсіп-өніп жатыр. Қаламыз аман болсын! Заманамыз тыныш болсын!», - деді қала тұрғыны.

Сондай-ақ, думанды мерекеде уақытты тиімді өткізу үшін белгілі тұлғалармен кездесу ұйымдастырылды.

«Құрамына 25 кітапхана кіретін орталықтандырылған жүйе халыққа 5 мың кітапты тегін таратты. Яғни, халық ұнағанын үйлеріне алып кетуіне болады. Шара басталмай жатып, тұрғындардың кітапты талап алып жатқаны қуантады», - дейді ұйымдастырушылар.

Қазан айынан бастап мобильді кітапхана негізінде мамандар жаңа Алматыны аралайды. Енді халық орталыққа келіп, сабылмайды. Кішігірім кітапхана аудан ішін араламақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 14-20 қыркүйек аралығында қалада мереке аясында II Халықаралық Almaty Film Fest кинофестивалі өтеді.

Өзгелердің жаңалығы