Президент тапсырмасымен зейнетақы мен жәрдемақы екі рет өсті

10 Маусым 2021, 14:24
7381
Бөлісу:
Президент тапсырмасымен зейнетақы мен жәрдемақы екі рет өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты.

Өткен жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесі орындалды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өткен жылы азаматтарды қолдау үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылар көлемі екі рет арттырылды. Ынтымақты зейнетақының өсімі 12 пайызды, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар өсімі 10%-ды құрады. 

Биылғы жылдың өзінде бірінші қаңтардан бастап зейнетақылар мен жәрдемақылар тағы да индекстелді. Нәтижесінде ынтымақты зейнетақы 7%-ға өссе, базалық зейнетақылар мен жәрдемақылар 5%-ға артты.

Зейнетақы, жәрдемақы және әлеуметтік төлемдер мемлекет тарапынан уақытында төленді. Республикалық бюджеттен берілетін әлеуметтік төлемдер 3,4 трлн теңгені құрап, бұл бюджет шығындарының 24 пайыздан астамы болды. Әлеуметтік қатерлер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 250 млрд теңге сомасында төлем жасалды. Биыл бюджеттің әлеуметтік қамсыздандыру және көмек бойынша шығындары 3,8 триллионды құрап отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда, бұл бірнеше есе көп. Атап айтар болсақ, республикалық шығыстар ішіндегі оның көлемі 27 пайыздан астам, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы