Бас жаңалықтар
Павлодарда қосымша инфекциялық төсек-орындар жабдықталды
16 Шілде 2021, 18:26 734

Павлодарда қосымша инфекциялық төсек-орындар жабдықталды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде коронавирустық инфекцияны жұқтыру деректері көбейгендіктен, қосымша инфекциялық төсек-орындар жасақталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 39%-ға толған. Қазіргі уақытта 800-ге жуық науқас стационарлық деңгейде ем қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта қалалық емханалардың жанынан 210 орындық госпиталь ашылды. Олардың 30-ы ауыр халдегі науқастарға арналған, яғни жансақтау төсек-орындары.

Облыс ауру тарау бойынша «қызыл» аймақта. Өңірде оттегі жабдықтары жеткілікті. Өзге де медициналық құралдар бойынша тапшылық жоқ. Ауру жұқтырғандарға дер кезінде көмек көрсету мақсатында 166 мобильді бригада жұмыс істеп жатыр. Стационарлардың барлығында емдеу препараттары бойынша қор жасақталған. ПТР тестілеу жасау бойынша қиындықтар немесе кезектер байқалмайды. Облыста тәулігіне 3000 зерттеу жүргізе алатын зертханалар желісі бар, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Ерғалы Асылбек.

Екпе салуға келсек, облыстың емдеу мекемелерінің жанынан 103 кабинет жұмыс істеп тұр. Вакцинациялау науқанын сапалы өткізу мақсатында мамандар арнайы курстардан өткен. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде 200 мыңға жуық павлодарлық препараттың бірінші компонентін алды. Екінші компонент бойынша көрсеткіш - 104 мың адам.

Мамандардың айтуынша, екпе салғандар арасында жүргізілген ұтыс ойындары халықты ынталандыра түсуде. Мәселен, соңғы аптада вакцина алу бойынша көрсеткіш тәулігіне алты мыңға жеткен. Алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген дәрігерлер де үлгі көрсетуде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңірде 11 мың медицина қызметкері болса, олардың 10 200-і иммундау шараларына қатысқан. 


Фото: автордан
Загрузка...