Павлодар облысында су басуы ықтимал ауылдардың саны 14-ке қысқарды

29 Наурыз 2019, 10:57
2294
Бөлісу:
Павлодар облысында су басуы ықтимал ауылдардың саны 14-ке қысқарды
Фото: автордан

Павлодар облысы. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қызыл су басуы ықтимал ауылдардың қатарына 14-ке қысқарды. Былтырғы су тасқыны кезеңінде олардың саны 32-ге жеткен.

Бүгінде қызыл су келуі мүмкін 14 елді мекенде екі мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі уақытта қауіпті деп танылған ауыл-аймақтарда жедел құрылымдар тәулік бойы кезекшілік атқаруда.

Мәселен, Баянауыл ауданындағы бірнеше ауылға көршілес Қарағанды облысындағы Ақжар бөгетінен келетін су қауіп төндіруде. Су басы қаупі ықтимал ауылдардың қатарында Сәтбаев ауылдық округінің елді мекендері бар. Бұл жерде 1200-ден астам азамат тұрады.

«Былтырғы жылдары Мұса Шорманов және Сәтбаев ауылдың бойында үйінді бөгеттері жасалды. Нәтижесінде, көрші өңірден келетін қар суының бағытын өзгертіп жібердік. Енді екпінді су ауылдың шетімен өтіп, кейін Ащысу өзеніне құйылады. Десе де, апат айтып келмейді. Күш құрылымдары мен тиісті техника дайын тұр», - дейді Сәтбаев ауылдық округінің әкімі Ғалым Әмиев.

Облыстық ТЖД-нің бөлім бастығы Сергей Сытниктің айтуынша, бүгінгі таңда өңірдің орталық аудандарында қар еріп біткен. Енді таулы аймақтарда бақылау күшейді.

«Біз Ақжар бөгетіне барып, техникалық жағдайын көрдік. Нысанның су қабылдау камерасы жөнделді, жұмысы реттелді. Бүгінде ішінде су тола қойған жоқ. Оны толтыру үшін шамамен жарты миллион текше метр су керек», - дейді Сергей Сытник.

Мамандардың мәліметінше, су тасқыны кезеңінде жағдай ушықса, 1500-ден астам азаматтан құралған күш құрылымы мен 650 техника бірлігі әзір.

Өзгелердің жаңалығы