Оқушылар арасындағы төбелес: ІІМ Жасөспірімдер комиссиясының шұғыл отырысын шақырды

28 Қаңтар 2019, 12:04
4579
Бөлісу:
Оқушылар арасындағы төбелес: ІІМ Жасөспірімдер комиссиясының шұғыл отырысын шақырды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Өңірлерде тіркелген жасөспірімдер арасындағы бұзақылыққа байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі Үкімет жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын шұғыл шақыруға бастамашылық жасады. Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді. 


Оның айтуынша, қылмыстық заңнамаға сәйкес, бұзақылық үшін 14 жасқа толған тұлға қылмыстық жауапкершілікке (ҚР ҚК-нің 293-бабы 2-інші және 3-тармағы) тартылады. 

«Жасөспірімдер топтасып құрдастарына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған кезде дәл осы бап бойынша қылмыстық өндіріс ашылады. Осыған байланысты ата-аналарды, оқу орындарының ұстаздарын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында  балаларға қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткендігі туралы алдын ала ескертіп, ойланбай істелген әрекеттің соңы неге әкеп соғатын айтуға шақырамыз», - дейді ол.

Осы орайда Садубаев аңдамай жалған әрекеттің салдары жасөспірімнің өміріне таңба түсіруі мүмкін екенін атап өтті.

«Ішкі істер министрлігі Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында орын алған жағдайларды талқылау және ұйымдастыру-тәжірибелік шараларды әзірлеу үшін Білім және ғылым министрлігіне ҚР Үкіметі жанындағы Жасөспірімдер ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысын шұғыл шақыру туралы ұсыныс енгізді», - дейді ҚР ІІМ ресми өкілі.

Айта кетейік, осыған дейін Қызылорда қаласында мектеп дәретханасында оқушылар құрдастарын ұрып, оны видеоға түсірген. 

Сонымен қатар Түркістан қаласында қатарластарына әлімжеттік жасаған оқушылардың видеосы әлеуметтік желіде тараған.

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында жасөспірімдер мұз айдынында төбелесіп, бір оқушы дене жарақаты салдарынан ауруханада көз жұмды. 

Сондай-ақ Ақтөбе қаласында Дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында болған төбелестен оқушы пышақ жарақатын алған.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Өзгелердің жаңалығы