Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтан ауасы жоғары деңгейде ластанған қалалардың көшін бастап тұр
24 Қараша 2020, 10:07 341

Нұр-Сұлтан ауасы жоғары деңгейде ластанған қалалардың көшін бастап тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет отырысында елімізде атмосфералық ауа-райы ластанған қалаларды атады.

Жаңа экологиялық кодекс Парламент Мәжілісінің екінші оқылымда қабылданды. Бұл кодекс қоршаған ортаға келетін зиянды едәуір төмендетуге бағытталған. Әйтсе де, жаңа экологиялық кодексті күтпей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын барлық өңірдегі жұртшылықпен, әсіресе экобелсенділермен бірге қарастырдық. Барлығы 17 онлайн кездесу өткізілді. 25 мыңға жуық адам қатысты. Талқылау нәтижесі бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, 17 жол картасы әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған, - дейді Мағзұм Мырзағалиев.
Оның айтуынша, негізгі экологиялық проблемалардың қатарында -  атмосфералық ауа мен жер бетіндегі судың ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ ежелден ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігі бар.

2019 жылдың қорытындысы бойынша атмосфералық ауаның экологиялық мониторингіне сәйкес 45 елді мекеннің ішінде 10 қала атмосфералық ауаның жоғары ластану деңгейіне жатады. Олар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент. Сонымен қатар, ластаушы заттар шығарындыларының едәуір көлемі Павлодар облысына тиесілі, - деді министр.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...