Бас жаңалықтар
Назаровтар әулеті: 500 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар
06 Қазан 2019, 12:45 2760

Назаровтар әулеті: 500 жыл еңбек өтілі бар ұстаздар

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттегі Назаровтар әулетінен 40-қа жуық ұстаз шыққан. Бәрі де мектеп мұғалімі. Бәрінің басын қосып, жинаса – тұтас бір мектептің ұстаздар қауымын жасақтап, Назаровтар әулетінің білім беру мекемесін ашуға да болады. Қазанның бірінші жексенбісі – Ұстаздар күнінде жалпы еңбек өтілі 500 жылдан асып, жыл сайын 40 жылға өсіп жатқан Назаровтар әулетіне барып, тұтас әулеттің педагогқа айналу сырын білдік.

«16 жасымда келін атандым»


Әулет анасы Тастан Назарова – 81 жаста. Әулет әкесі Досбол Назаров осыдан 24 жыл бұрын, 59 жасында көз жұмған. Екеуінің шаңырақ көтеруі де бір хикая.

- 16 жаста едім. 10 жылдық мектепті бітірген кезім. Мектеп бітіре салып, шілде айында келін болып түстім. Осылайша, шалыммен еш «свидание» болмай, бас қостық. Жүрегіміз сезген ғой, бір-бірімізді қалап қосылдық. Әуелі шешем: «Әлі жас, 10 сыныпты енді бітірді ғой» деп, мені бергісі келмеді. Әкеміз жоқ. Соғыста қаза тапқан. Шешенің тәрбиесінде өстім. Айтқанымдай, шешем мені жас деп, келін болуыма рұқсатын бермеді. Содан шалымның әулетінен үлкен қариялар келді. Жолдасымның жалғыз ағасы бар еді. Ауырып, хәл үстінде жатқан. Қариялар шешеме: «Ағасы әл үстінде жатыр. Жалғыз інісінің өмірлік серігі кім болатынын көріп қалғысы келеді. Рұқсатыңызды беріңіз» деді. Содан шешем рұқсатын берді. Батасын беріп, шығарып салды. Келін боп түстім, - деп есіне алады Тастан Назарова.


О кезде Досбол Назаров Шымкенттегі №54 мектепте тарих және құқық пәндерінен сабақ береді екен. Келіншегі Таштанды да институт оқытып, мектепте қызмет етуіне жағдай жасайды. Үйленер алдын «Мен өзім оқыдым, енді сені оқытам» деген уәдесінде тұрады. Осылайша Таштан Назарова еңбек жолын №54 мектепте кітапханашы болып бастап, бастауыш сынып мұғалімі болы жалғастырады. Осылайша, ерлі-зайыпты Досбол-Таштан екеуі де өмір бойы бір мектепте еңбек етеді. Таштан Назарова сол мектепте 35 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады. Күйеуі Досбол сол мектепте өмірінің соңына дейін қызмет етіп, пән мұғалімі болуымен қатар, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүреді. 42 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шығуына 1 жыл қалғанда қан қысымынан қайтыс болады.

Шәкірттеріне аса қамқор, мейірімді ұстаз өмірден озғанда туған-туыс, дос-жаранымен қатар, Досбол ұстаздың қадір-қасиетіне қанық жалпақ жұрт жаппай қайғырады. Ісіне адал ұстаздың ұл-қызына берген үлгілі тәрбие, даңқты жолын әлі де жыр етіп, әңгімелейді.

12 ұл-қызының бәрі мұғалім


Досбол мен Таштанның некесінен 12 ұл-қыз дүниеге келген. Алты ұл, алты қыз. Бәрі де әке-шеше жолын таңдаған. Бәрі де педагог. Алты келіні де мұғалім. Алты күйеубаласының төртеуі – мұғалім. Әрқайсысының еңбек өтілі 30 жылдан асады. Немерелерінің де жартысынан астамы, дәлірегі 30 шақтысы ата-әже, әке-шешесінің жолын қуып, мұғалім оқуын таңдаған. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде университет-мектеп-балабақшада қызмет етеді.

- Бәрі де еңбек пен тәрбиенің арқасы. Ұл-қызымызды «Назаров Досболдың балаларының аты шықпасын. «Пәленшенің ұл-қызы, келіні» деп айтады. Тура жүріп, тура қайтыңдар. Жұмысыңа мықты бол, сөз тимесін. Жұмысқа уақытылы барып, уақытында қайт. Бізге сөз тигізбеңдер» деп тәрбиеледік. Осы дәрежеге жеткеніміз де соның арқасы шығар. Бұл әулеттен тараған ұрпақтың педагог саны 40-тан асады. Әлі оқып жатқан немерелерім бар. Аллаға осындай ұрпақ бергеніне шүкір етіп, «тіл-көзден сақтасын» деп отырам. Балаларымның жұмысы бәрінен алда деп айтпаймын, бірақ алдыңғы қатарда еңбек етіп жүр. Абырой ақшадан артық,-дейді Таштан әже.

Сөз арасында еңбек ете жүріп те 12 перзентті дүниеге әкелген әженің қажыр-қайраты таң-тамаша етеді.

- Жастай келдік, жастай болса да, еңбекпен өстік. Осы балалардың бәрін жеткізу үшін еңбек еттік. Ұл-қызымның бәріне «Мен дүниеге әкелген балалардың жартысын туыңдар». Біреуі жеткізе алмай жатыр. Бесеуге барып, тоқтап қалды. «Немерелерім жеткізетін шығар», деп отырмын, - дейді Таштан әже.

«Қайынағамның көзі» де мұғалім»


Таштан әже Назаровтар әулетіне келін болып түскен соң, күйеуінің хал үстінде жатқан Әбсамат ағасы өмірден озады. Жалғыз келінін көріп, екі жасқа батасын беріп үлгереді. Соңында әйелі мен 1,5 жасар қызы қалады. Әулет қариялары «қайтқан ұлдан қалған жалғыз тұяқ» деп, шешесіне бергісі келмей, алып қалады.

- Келін болып түстім. Қайынағамның қызы Гүлзипа енді тәй-тәй басып жүрген бала. Менің қолымда қалды. Өз туған ұл-қызыма қалай қарасам, Гүлзипама олардан артық қарадым. Тұңғышыма баладым. Гүлзипамыз да мұғалім болды. Бүгінде зейнет жасында. «Ағамыздың көзі» дейміз,-деген Таштан әже сол жағында отырған көзілдіріктегі қарт кісінің қолынан ұстады.

   «Мұғалім болу – өз таңдауымыз»

Досбол мен Таштан Назаровтың әр перзенті өз мамандығын өзі таңдаған. Қалаулары – мұғалім болыпты. 


- Жас кезімізде мектеп бітіріп жатқанда, бағыт береді. Әке-шешеміздің жұмысын көреміз. Соларға еліктедік. Мектеп бітірген соң, әке-шеше жолын қуып, мұғалім оқуына түстім. 1991 жылы бітірдім. Сол кездегі №2 Дарын мектебіне жұмысқа орналастым. Кейін №55 мектепке ауысып, осында Көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Жоғары санатты педагогпын, - дейді ұлы Батырхан Назаров.

Батырханның келіншегі Бакиза Назаровамен танысуына осы әулеттің педагог жолы себеп болған.

- Келіншегім Бакизамен 1993 жылы таныстым. Барлық нәрсе бір-біріне себепкер ғой. Ол қарындасым Гүлжаһанмен бірге оқыған. О кезде курстасын үйге шақырып, қонақ етіп, үйін таныстыратын еді ғой. Міне, сол кезде Гүлжаһан қарындасым құрбысы әрі курстасы Бакизаны үйге ертіп келді. Сонда танысып, сөзіміз жарасып, кейін үйлендік, - деді Батырхан Назаров.


Батырханның келіншегі Бакиза Назарова да күйеуімен бірге №55 мектепте қызмет етеді. Бастауыш сынып мұғалімі. Бұрын №50 мектепте қызмет еткен екен. Кейін күйеуі сабақ беретін мектепке ауысқан. 27 жыл еңбек өтілі бар.

Батырхан мен Бакизаның үш перзенті бар. Тұңғышы –24 жаста.

- Үлкеніміз – ұл, бірақ мұғалім жолын таңдамады. Біздің мектепке шапқылап, тынбай еңбек етіп жүргенімізді, мұғалім болуы қиындыққа толы жол екенін көріп, басқа саланы таңдады. Бухгалтер оқуын оқып, қазір оқыған мамандығы бойынша қызмет етеді. Екіншім, яғни қызым – студент. Дефектология мамандығына оқиды. Кенжеміз – әлі оқушы, - дейді Батырхан Назаров.

«Әр келінін Назарова еткен»


Жоғарыда айтқан, алты келіннің де фамилиясы – Назарова. Алтауы да мұғалім. Досбол Назаров әр ұлы үйленіп, келін үйге түскен соң, келінінің құжатын алып кетеді екен. Мұны келіні Злиха Назарова айтып қалды.

- Атамыз әулетіміздің іргесін сонау келін болып түскенімізден-ақ Назаровтар әулеті етіп қалануына баса көңіл бөлді. Келешекті ойлап, стратег болды. Келін болып түскенімізде, құжатымызды алып кетеді. Сөйтсек, фамилиямызды Назаровтар әулетіне ауыстырып келеді екен ғой. Онда фамилиямыз ауысқанын абысындарымыздан естіп білеміз. Осылайша, атамыз бізді келін боп түскен сәтімізден Назарова болуымызға баса мән берді, - дейді Злиха Назарова. 

12 перзенттің үшеуі – тарих пәні мұғалімі


Осы тұста әңгімеге екінші қызы Гүлжан Назарова араласты. Ол Ахмет Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназияда тарих пәнінен сабақ береді. О мектептің ашылғанына 30 жыл болған. Сол 30 жылдан бері сонда қызмет етеді.

- Мен, әпкем Күлпара және өмірден өткен ағамыз Бауыржан – тарих пәнінің мұғаліміз. Әкеміз сабақ берген пәнді таңдадық, - дейді Гүлжан Назарова.

Ол да інісі Батырханның сөзін растайды.

- Әке-шешеміз педагог болған соң, ұрпағына жалғанғанын қалады, бірақ күштемеді. Әрбіріміз өзіміз қалаған пән бойынша оқуға түстік. Бәрімізді оқытты. Диплом алып, еңбек етіп келеміз. Менің ұстаздық еткеніме де 35 жылдан асыпты. 12 баланың екеуі, яғни ағаларым Бақытжан мен Бауыржан дүниеден өтті. Ең стажы көп – Бауыржан ағамыз еді. 38 жыл еңбек өтілі бар. Директор лауазымына дейін өсті. Денсаулығына байланысты ауырып, бақилық болды ,- дейді Гүлжан Назарова.

Айтуынша, әулетіміздің ең жас мұғалімі – Перизат Досбол екен. Немере қыз. 22 жаста. Бүгінде Алматыда университетте сабақ береді. Оқыған университеті өздері жұмысқа алып қалыпты.

Гүлжанның күйеуі – сәулетші. Үш қызы, бір ұлы бар. Мектеп бітірген екі қызы мұғалім жолын таңдамапты. Үшінші қызы мен кенжесі мектеп оқиды. Кенже ұлы ұстаз болғысы келеді. 

Ұстаздар әулетінің «Мұғалім мәртебесі» заңына ұсынысы қандай?

Осы тұста мұғалімдер әулеті атанған Назаровтар әулетінің мүшелерінен қазір талқылаудағы «Мұғалім мәртебесі» заң жобасына қатысты ұсыныс-тілектерін, жалпы мектеп мұғалімі болудың қиындықтарын да сұраған едік.

- Мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданатынына қуаныштымын. Қаншама жылдан еңбек етіп, ауыр-жеңілдің бәріне төзіп келеміз. Өзіміз сүйіп оқыған мамандығымыз, сондықтан «істемейміз» деп айта алмаймыз. Еңбегіміздің жемісін жеп отырған соң, адал еңбек етеміз. Жалақы көтерілетіні қуантады. Енді қағазбастылықты жеңілдетсе жақсы болар еді. 54 жастамын. Зейнетке шыққан соң да денсаулығым жараса, бала тәрбиелеуден жалықпаймын. Халықтың баласын тәрбиелеу оңай емес, - дейді Гүлжан Назарова.

Ал әулеттің ұлы Батырхан Назаровтың айтуынша, бұрын мектепте ер мұғалімдер аз болса, қазір қайта көбейіп келеді. Ол қызмет ететін №55 мектепте 25 ер мұғалім бар екен.

- Мұғалім жұмысы – ауыр жұмыс. Қазір технология дамып келе жатыр. Балалар бәрін біліп отырады. Білімің олардан асып тұруы қажет. Кейбір дарынды балалар саған сұрақ қояды, соған жауап бере алуың керек. Білмесең, беделің түседі. Қазір талап өте күшті. Жаңартылған бағдарлама талабы да күшті, - деген Батырхан «Мұғалім мәртебесі» заң жобасына қатысты ұсыныстарын да санамалап шықты.

- Өз ойым – жалпылама айтайын: барлық талап мұғалім ыңғайына қарай жасалса екен. Жалпы бізде еңбек адамының мәртебесі Еңбек кодексінде жазылған ғой, бірақ сондағы жазылғанның барлығы бірдей орындала бермейді. Енді мына «Мұғалім мәртебесі» заң жобасында мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты заңмен реттесе екен. Қазір заңдылыққа сүйене бермейді. Ата-аналар келіп, ананы да, мынаны да айтады. Мұғалім кінәлі болмаса да мұғалімді кінәлайтын ата-аналар бар. Осы қарым-қатынасты реттеп, шектеулер қойып, бір жүйеге түсірсе жөн еді. Қазір бізде ата-аналарды көбірек қолдайды, мұғалім төменде қалады. Жексенбі күні болған жағдайға да мұғалімді кінәлі қылып шығарады. Тәрбие – отбасынан басталады. Негізгі тәрбие отбасынан беріледі. Мұғалім ең алдымен білім береді, тәрбиелеу қосымша жүреді. Тәрбиені мұғалім де береді, бірақ негізгі тәрбиені ата-ана беруі керек. Қазір барлығын мұғалімге артып қойған. Ата-ана өз міндетін білмейді, бар міндетті мұғалімдерге артады. Заңда жоқ нәрсені талап етеді. Соны реттесе, жөн болар еді, - дейді Батырхан Назаров.

Оның айтуынша, қазір жасты тоқтатып, «Мұғалім боласың ба?» деп сұраса, көбі «Жоқ» деп жауап береді.

- Өйткені, мұғалім жағдайы қандай екенін көріп отыр. Соңғы екі жылда жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалім айлығы көтеріліп жатыр. 30% қосылып жатыр. Бұл әлеуметтік жағдайын көтеріп жібереді деп ойламайм. Өйткені, мұғалім айлығының 15-20%-ы түрлі оқу құрал-жабдықтарын алуға кетеді. Не нәрсе де әлеуметтік жағдайға тіреледі. Мұғалім әлеуметтік жағдайын көтеру үшін ең аз айлық мөлшері 280-300 мың болуы керек. Әлеуметтік жағдайы төмен мұғалімдер баланы емес, үйін ойлап отырады. Десе де, қазір айлығы 300 мыңнан асатын мұғалімдер бар. Мұғалімнің білім деңгейіне де көп нәрсе байланысты. 350 мың айлық алатын бір досым бар. Биология пәнінің мұғалімі. Жаңартылған білім беру бағдарламасын оқығаны үшін 30% айлық қосылды, ағылшын тілінде сабақ беруді оқып, 200% айлық қосылды. Қазір түрлі статус береді. Мысалы, мұғалім-шебер, мұғалім-зерттеуші, мұғалім-саралаушы сынды мәртебелер бар. Соның сәйкесінше, тестітен өтсеңіз, сәйкесінше айлығыңыз 50-40-30% өседі. Мұның бәрі мұғалімдерді ынталандырады. Мұғалім білімді болса, айлығы да өседі, - дейді ол.

Сондай-ақ, техникалық базаны жақсартуын қалайды.

Әулет келіні Злиха Назарованың да ұсыныс-тілегі осыған саяды. О кісі мұғалім болудың қиындығын аз сөзбен жеткізді.

- Ешқандай қимылдай аламыз. Алдымызда 40-30 бала отырады. Әрбірінің көңіліне қараймыз, алаңдаймыз. Сонымен уақытымыз өтеді. Үйге келгенде кешкі сағат 20:00 болады. Үйдің тірлігін ертеңге қалдырып, өзімізді алдаймыз. Таңертең ерте тұрып, мектепке жөнелеміз. Баладан бұрын барып, есік алдында тұруымыз керек, - дейді Злиха Назарова. 

«Педагог мәртебесі» бесігімізді түзейді»


Сөз арасында айта кетсек, ұстаздар күнінде Nur Otan партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баһадүр Нарымбетов ұстаздар әулеті – Назаровтар отбасын құттықтап барды.

- Бұл –керемет отбасы. Осы әулеттің жалпы ұстаздық еңбек өтілі 500 жылдан асыпты. Бұл елімізге сіңірген үлкен еңбек. Қаншама қиындыққа мойымай, бүкіл әулет 30-дан астам мұғалім қиындыққа қарамай, мектепті тастамай, еңбек етіп жүр. «Ел болам десең –бесігіңді түзе» деген сөз бар. Бесікті түзейтін нағыз нәрсе – педагог мәртебесі. Мұғалім мықты болса, жағдайы жақсы болса, берген білімі, жасаған еңбегі сапалы болады. Оның жемісі – тәрбиелі әрі білімді жастар, біздің болашағымыз, - дейді Нарымбетов.

Айтпақшы


Досбол Назаров 42 жылдай еңбек еткен №54 мектепте бүгінде осы Назаровтар әулетінің бес адамы, яғни екі ұлы, келіні және екі қызы еңбек етеді. Айтуларынша, бір отбасының адамдары бір мектепте қызмет етуі жақсы нәрсе. Бәрі де тәрбиеге байланысты. «Бір-бірімізге мейірімдіміз, бір-бірімізге жағдай жасаймыз, көмектесеміз, үйретеміз» дейді Назаровтар.

Осылайша, Назаровтың әулетінің ұстаздық жолы төрт буынға жалғасып келеді. Досбол Назаровтың әке-шешесі де ұстаз болған. Міне, ұл-қыздары да немерелері де ұстаз. Шөберелері мектепте оқиды. Олардың арасынан ұстаз жолын таңдайтыны бар екеніне әулет сенеді.


Фото: автордан
Загрузка...