Назарбаев әуежайы TSE кодынан құтылатын болды

16 Қазан 2019, 13:32
4075
Бөлісу:
Назарбаев әуежайы TSE кодынан құтылатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін мәжілістің жалпы отырысынан кейін ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының кодын өзгертуге қатысты пікір білдірді.

"Әуежай кодына сәйкес жұмыс жалғасуда. Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бүгін Польшадан оралуы керек. Алты нұсқа ұсынылды. Шынымды айтсам, маған ол жақтан ақпарат әлі жеткен жоқ. Күтіп отырмын. Негізі NQZ коды болады деп жоспарланған. Бірақ қателесуім де мүмкін. Ұсынылған алты кодтың бірі NQZ екені рас", - деді Бейбіт Атамқұлов. 

Оның айтуынша, Ластаев елге келген соң, нақтысы белгілі болады.

"Мен Википедияда атауын өзгерту керектігін білмедім: бастысы, электронды жасалады. Ластаев келген соң, маған жазбаша түрде есеп береді. Ол әлі де жолда келе жатыр", - дейді министр.

Айта кетейік, 14 қазанда Польша астанасы Варшавада IATA Global Airport and Passenger Simposium конференциясында IATA Нұр-Сұлтан қаласы әуежайының кодын өзгерту туралы Азаматтық авиация комитетінің түзетулерін мақұлдаған болатын. Жиынға ҚР ИИДМ азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған "ЭйрАстана" және "Скат" әуекомпанияларының өкілдерінен тұратын қазақстандық делегация қатысты.

Қазіргі уақытта әуежай коды TSE деп аталады. Бұл Целиноград деген сөздің қысқартылған түрі.

Өзгелердің жаңалығы