Нұр-Сұлтан қаласына жыл соңында газ беріледі – энергетика вице-министрі

20 Қараша 2019, 11:39
5402
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қаласына жыл соңында газ беріледі – энергетика вице-министрі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Сарыарқа" магистралды газ құбырын тарту жұмысы белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Аталған магистралды іске қосу 31 желтоқсанға жоспарланған. Бұл туралы ҚР энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Үкімет үйінде өткен брифинг кезінде айтты.

Жиын барысында ол мемлекет басшысының министрлік алдындағы сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттердің бірі елордамызды, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газбен жабдықтау үшін "Сарыарқа" магистралды газ құбырының бірінші кезеңін уақытылы аяқтау болып табылатынын айтып өтті.

Газ құбырының бұл бөлігі Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларын және газ құбырының трассасы бойына жақын елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру үшін Астанагаз КМГ компаниясы құрылды. Оның акционерлері "Самұрық-Қазына" қоры және "Бәйтерек" холдингі, - деді ол.

Сондай-ақ, ол аталған магистралды қаржыландыру тізбегі өткен жылдың тамыз айында мемлекеттік комиссиямен бекітілгенін және жобаның жалпы құны 267 млрд 300 млн теңгені құрағанын жеткізді.

Жобаның бас құрылыс мердігері болып "ҚазСтройСервис" компания танылған. Қазіргі күнге дейін "Сарыарқа" магистралының Нұр-Сұлтан қаласына дейінгі құрылысы аяқталуға жақын қалды. Оның жұмысына 1700 маман және мыңға жуық арнайыландырылған техника тартылған. 1061 шақырымды құбыр желісі тартылды. Құбырдың 960 шақырымды желісі сынақтан өткізілді, - деді вице-министр. 

Сонымен қатар, ол жұмыс белгіленген кесте бойынша жүргізіліп жатқанын және осы жылдың желтоқсан айында барлық нысандағы жұмыстар аяқталатынын айтты. 

Оның ішінде бес газ өлшеу станциясының және басқару пунктінің құрылысы аяқаталады. Аталған магистралды іске қосу 31 желтоқсанға жоспарланған. Газ құбырының Нұр-Сұлтан қаласына дейін жеткізілуі 180 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге жағдай жасайды және қаланың экологиясын жақсартуға септігін тигізеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы