Министр пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерді қайтару қалай жүзеге асырылатынын айтты

2 Ақпан 2021, 09:56
46906
Бөлісу:
Министр пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерді қайтару қалай жүзеге асырылатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы  Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Үкімет отырысында айтты. 

Министр Президенттің пайдаланылмай жатқан жайылымдық алқаптарды қайтару жөніндегі тапсырмаға қатысты баяндама жасады. 

2019 жылдың соңында ғарыштық мониторингті қолданудың заңнамалық базасы қалыптастырылды, 2020 жылдың басында пилоттық жоба 4 облыста іске қосылды. Нәтижесінде, пилоттық өңірлерде пайдаланылмай жатқан 8,3 млн гектар алаңдағы ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 7,6 млн гектар жайылым, шамамен 700 мың гектар басқа санаттағы жерлер анықталды, - деді ол. 

Министр атағандай, көрсетілген облыстардың әкімдіктері пайдаланылмай жатқан жерлерді алып қоюды тездетуі және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын қамтамасыз етуі қажет.

Бүгінгі таңда анықталған 7,6 млн гектар жайылымның 2,6 млн гектары ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 1,6 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына тартылды, ал 3,4 млн гектары бойынша жергілікті атқарушы органдар сот органдарында қарастыру үшін материалдар дайындауда, - деді ол. 

Министр биылдың қаңтарынан бастап республиканың барлық аумағында ғарыштық мониторинг қолданылатынын айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Салық кодексіне пайдаланылмайтын жерлерге салық мөлшерлемелерін 10 еседен 20 есеге дейін арттыру бөлігінде өзгерістер енгізілді, бұл пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуға экономикалық тұрғыдан мәжбүр етеді, - деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, министр  пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін 2 жылдан 1 жылға дейін қысқарту, ғарыштық мониторинг деректері негізінде оларды сот тәртібімен қайтару, хабарламаны қағаз жеткізгіштен SMS-хабарлама арқылы электрондық жеткізгішпен тапсыруға көшіру жөніндегі заң жобасы әзірленді, оны қазіргі уақытта Үкімет пысықтап жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы