Министр коронавирустан жазылғандардың да есімі жарияланбайтынын айтты

26 Наурыз 2020, 16:32
5219
Бөлісу:
Министр коронавирустан жазылғандардың да есімі жарияланбайтынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирустан жазылып шыққан екі отандасымыздың есімі жарияланбайды. Бұл туралы "Хабар 24" телеарнасының тікелей эфирінен ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты.

Кеше айтқанымыздай коронавирустан екі адам жазылып шықты. Олардың біреуі Алматы, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласында емделді. Денсаулық сақтау министрлігінің хабары бойынша, кеше осы ақпарат тараған соң БАҚ өкілдері пациенттер туралы сұрап, хабарласқан екен. Сондықтан дәрігерлік құпияны сақтау жөнінде тағы да бір еске саламыз. Ешкім де коронавируспен ауырған адам ретінде аты шыққанын қаламайтын шығар. Сіздер сол адамның орнына өздеріңізді қойып көріңіздер. Олардың барлығы өз азаматтарымыз. Коронавирустан жазылған азаматтар өздеріне қатысты жеке мәліметтерді жария етпеуге құқықтары бар. Біз оны сыйлауымыз керек. Сонымен бірге егер ол адамдар туралы қандай да бір ақпарат тапсаңыздар, ол кісілердің рұқсатынсыз ешкімге бермеулеріңізді сұраймыз, - деді Дәурен Абаев.

Соңғы мәліметтер бойынша, бүгінгі таңда елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны 109-ға жетті.

Осы сағатта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 61 адам, Алматы қаласында – 40 адам, Қарағанды қаласында - 2, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Жамбыл облысында -1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам жалпы 109 науқас тіркелді.

Өзгелердің жаңалығы